Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл елордада 50 мыңнан астам жүргізуші тұрақ ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Биыл елордада 50 мыңнан астам жүргізуші тұрақ ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада көлікті тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзу деректерін анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Мұндай құқық бұзушылықтар тұрғындарға нақты қолайсыздықтар туғызады, көлік қозғалысына кедергі келтіреді, кіреберістерге, пандустарға және қажет жерге жетуді қиындатады, ал кейбір жағдайларда мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасын итерген ата-аналардың жүріп-тұруын шектейді.

Құқық бұзушылықтар патрульдеу барысында да, бейнебақылау камераларының жазбаларын бақылау арқылы да анықталады. Әсіресе тұрғын үйлердің аулаларына, сондай-ақ әкімшілік және қоғамдық ғимараттардың маңындағы аумақтарға ерекше назар аударылады.

Тек бір күннің ішінде Астанада тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін шамамен 130 жүргізуші жауапқа тартылса, тағы 140-қа жуық жүргізуші жол белгілері талаптарын сақтамаған. Анықталған бұзушылықтар үшін 200-ден астам автокөліктің нөмірі тәркіленді.

Мәселен, Ұлы Дала көшесінде Toyota автокөлігінің жүргізушісі көлігін рұқсат етілмеген жерге қалдырып, аулаға кірер жолды  жауып тастаған.

Байтұрсынов көшесіндегі тұрғын үй ауласында екі жүргізуші көліктерін талапқа сай қоймай, пандустан шығатын жолды бөгеген.

Кенесары көшесіндегі ғимараттардың бірінің кіреберісіндегі пандустың дәл алдына қалдырылған көлік мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен жүрген ата-аналарға кедергі келтірген.

Сонымен қатар Қуанышбаев көшесінде тұрғын көлігін рұқсат етілмеген жерге қойып, шлагбаумға өтетін жолды жапқан.

Анықталған барлық дерек бойынша жүргізушілер жауапқа тартылды. Олардың бірқатары бұған дейін де осындай құқық бұзушылықтарға жол бергені анықталды.

Жыл басынан бері елордада тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін 50 мыңнан астам жүргізуші жазаланды. Оның ішінде 1,5 мыңнан астамы бұл құқық бұзушылықты екі және одан да көп рет қайталаған.

Егер сіз дұрыс қойылмаған көлікке — яғни кіріп-шығу жолын жауып тұрған, қозғалысқа кедергі келтіретін, пандусты немесе тұрғын үй кіреберісін бөгейтін жағдайға тап болсаңыз — полицияға хабарласу қажет. Мұны "102" нөмірі арқылы, азаматтардың өтініштерін қабылдаудың омниканалды жүйесі арқылы, сондай-ақ eGov Mobile қосымшасындағы "Заң мен Тәртіп" сервисі мен екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы жасауға болады.
Тұрақ ережелерін сақтау – тек заңды орындау емес. Көлікті дұрыс қоймасаңыз, ол басқа адамдарға кедергі келтіреді. Кейде бұл өте қауіпті болуы мүмкін, өйткені кей сәтте әр минут маңызды болады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру