Цифрлық иммунитет: Екібастұз жастарына интернеттегі тұзақтарды тану жолдары түсіндірілді
Екібастұз жастарына интернеттегі тұзақтарды тану жолдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласында интернет қауіпсіздігіне арналған дәріс ұйымдастырылып, жергілікті колледж студенттері киберқылмыс саласының мамандарымен кездесті. Іс-шара барысында жастар алдында киберполиция қызметкерлері мен Павлодар облысындағы киберқауіпсіздік жөніндегі өңірлік жобаның үйлестірушілері сөз сөйледі.
Кездесудің негізгі тақырыбы — дропперлік құбылысы болды. Мамандар банк картасын "жалға беру" немесе күмәнді қаржылық операцияларға қатысу жеңіл табыс көзі емес, керісінше қылмыстық әрекетке тікелей араласу екенін түсіндірді. Мұндай іс-әрекеттер үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Криминалдық полиция бөлімінің кіші жедел уәкілі Әділ Мұхановтың айтуынша, дәріс барысында нақты мысалдар арқылы фишинг ұғымы, жалған сілтемелерден сақтану жолдары, сондай-ақ шынайы қызметкерлердің ешқашан жеке деректерді сұрамайтыны түсіндірілген.
– Бүгінде цифрлық сауаттылық тек смартфонды қолданумен шектелмейді. Бұл — өзіңді және жеке ресурстарыңды қорғау қабілеті. Біз жастарға интернеттегі алаяқтық схемаларды тану жолдарын үйретуді мақсат еттік, – деді ол.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер тек ақпарат тыңдап қана қоймай, нақты жағдайларды талқылап, манипуляция тәсілдерін анықтауды үйренді. Сондай-ақ интернет-алаяқтардан қорғанудың негізгі қағидалары ұсынылды: банк карталарын бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және жеке әрі банктік деректердің құпиялығын сақтау.
