Биыл СҚО полицейлері есірткіге қатысты 104 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады
Биыл СҚО полицейлері есірткіге қатысты 104 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымымен күрестің жай-күйі туралы әлеуметтік желілерде өткен тікелей эфир барысында айтты. Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Жангелді Әпеновтің айтуынша, жыл басынан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткімен байланысты 104 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтаған, оның ішінде 54-і – есірткіні сату, 4-уі – аса ірі көлемде сақтау фактілері. Заңсыз айналымнан 18 келіден астам есірткі тәркіленіп алынды, оның 4 келіден астамы – синтетикалық есірткілер және 14 келісі – марихуана.
– Құқықтық сауаттылығы төмен болғандықтан және оңай ақшаны уәде еткенге сенген жастардың есірткі бизнесіне тартылуы ерекше алаңдатады. Жедел жұмыстардан бөлек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен аудандық бөліністер жасөспірімдердің арасында алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізіп тұрады, – дейді Жангелді Әпенов.
Полиция қызметкерлері түрлі конкурстар, челлендждер, спорттық іс-шаралар өткізіп тұрады, волонтерлармен, оқушылармен және студенттермен бірлесіп әлеуметтік бейнероликтер түсіреді. Қаңтар айынан бастап өткізілген түрлі 337 іс-шараға 15 мыңнан астам оқушы қатысты.
Бұдан бөлек, сақшылар интернет-кеңістікте де жұмыс істейді. Мониторинг нәтижесінде бұғаттау мақсатында есірткі заттарының жарнамасы бар 88 сілтеме «Киберқадағалау» бағдарламасына енгізілді.
СҚО ПД ЕҚҚІҚБ аккаунттары Instagram, Facebook, ВКонтакте, Tik-Tok құрылды. Сондай-ақ олардың WhatsApp желісіндегі +7-707-500-96-65 байланыс нөмірі бар. Бұдан бөлек, есірткі құқық бұзушылықтары туралы хабарлауға болатын 8 (7152) 39-41-93 сенім телефоны жұмыс істейді. Барлық ақпарат жедел түрде тексеріледі. Тәртіп сақшылары нашақорлықпен және есірткі қылмысымен күресте адамдарды тыс қалмауға және күш біріктіруге шақырады.