Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Біз – Отанның сарбазы”: елордада талантты ардагердің шығармашылық кеші өтті

“Біз – Отанның сарбазы”. Елордада Қазақстан полициясының 30 жылдығын мерекелеу аясында Ішкі істер министрінің тапсырмасымен өткен ведомствоның құрметті ардагері, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Композиторлар Одағының мүшесі, отставкадағы полиция полковнигі Сланқожа Қарақыстықтың музыкалық-әдеби шығармашылық кеші дәл осылай аталды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Салтанатты шарада ішкі істер министрінің бірінші орынбасары сөз сөйлеп, жиналған қауымға ведомство басшысының ыстық ықыласын жеткізді.

– Құрметті Сланқожа Жұмабайұлы! Сіз – бүкіл ғұмырыңызды еліңіз бен халқыңыздың болашағына қызмет етуге арнаған тұлғасыз. Халық сізді туған елінің абзал азаматы ретінде жақсы біледі әрі қадірлейді. Сіздің әдеби шығармаларыңыз, туған жердің ерекше байлығы мен сұлулығына арнаған еңбектеріңіз жұртшылықтың рухани игілігіне айналды. Ерке Есілдің жағасында жұртыңызды жырыңызбен тербеп, аман-сау жүре беріңіз!, – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Күмбірлеген күй мен әуезді ән. Оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалған туындылар концертке келген көрерменнің көңілінен шықты. Олардың кеш иесіне көрсеткен құрметі мен қошеметі де ерекше болды.

Ардагерді құттықтап келген өнердегі достары мен замандастары аз болмады. Бірі сахнадан сазды сәлем жолдаса, енді бірі естеліктермен бөлісті.

– Бүгін ерекше кеш болып тұр. Баяғыда Сланқожа Қарақыстық екеуміз 1973 жылы консерваторияға түскеннен кейін, біріміз өнерге кеттік, енді екіншіміз, көріп тұрсыздар ғой, полковник! Былай қарасаңыздар, екеуміз де бір-ақ салада қызмет жасап жатырмыз. Ол – халыққа қызмет ету саласы, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымов.

Шара барысында шығармашылық кештің авторы да сахнаға көтеріліп, өзінің соңғы жазылған жыр-шумақтарын оқыды.

… Көз тастасам кешегі өткеніме,
Қуанамын бұл күнге жеткеніме.
Бетпердені тақпаған жұртты көрем,
Коронавирус шынымен кеткені ме?…

Шығармашылық кеш марапаттау рәсіміне ұласты. Ішкі істер министрінің бұйрығымен “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен Сланқожа Қарақыстық пен Айтқали Жайымов марапатталды.

Одан өзге талантты ардагерге Еуразия ұлттық университеті ректоры атынан “Күлтегін” төсбелгісі сыйға берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру