Блок-бекетте ер адам полицейлерге қарсылық көрсетті
Түркістан облысында блок-бекетте полицейлерге қарсылық көрсеткен тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасы ЖПҚ-нің патрульдік полиция инспекторлары облысымызға енгізілген карантинге байланысты Түркістан қаласында орналасқан блок-бекеттерде әрбір өтіп жатқан көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осындай кезекті қызмет атқару барысында блок-бекетте тұрған полицейлер «Lexus» маркалы автокөлігін тоқтатады. Көлік жүргізушісі полицейге қарсы түрлі жаман сөздер айтып, балағаттай бастайды.
Тәртіп сақшылары жүргізушіден көліктен шығуын, сабырға келуін сұрайды, бірақ тұрғын заңды талаптарға бағынбай, өзінің дөрекі мінезін көрсете бастайды. Осылайша билік өкілін өз қызметтік
міндеттерін атқару барысында қорлап, аузына келгенін айтқан тәртіп бұзушының іс-әрекеті
ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 1-бөлігі (билік өкілін қорлау) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде автокөлік иелеріне жол қозғалысы ережелерін сақтауға, сондай-ақ карантин режиміндегі шектеулерді бұзбауға кеңес береді.