Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Блок-бекеттердегі қызметкерлер алғысқа бөленді

Жамбыл облысы полиция департаментінің басшылығы төтенше жағдайға байлынысты блок-бекеттерде тұрған қызметкерлерге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жергілікті жұртты коронавирустан қорғау үшін Сарысу, Жуалы, Қордай және Мойынқұм аудандарында қойылған блок-бекеттерде қызмет етіп жатқан жатқан мамандар бар. Ұлыстың Ұлы күні Жамбыл облысының Полиция департаменті басшылығы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен өз атынан полиция мен медицина қызметкерлеріне алғысын айтты.

– Адамдардың жақсылық жасауға құмар екенін, мұқтаж адамдарға көмектесуге, қамқорлық танытуға, қиын сәтте бірігуге дайын екенін көріп қуандық. Дәл осындай сын-сағаттарында тұрғындардың денсаулығын ойлап, алдыңғы қатарда тұрғандарыңыз, ауыр инфекцияның енуіне тосқауыл бола отырып, қызметке адалдық таныту – коронавирустық пандемияға қарсы күреске қосқан зор үлес деп есептеймін. Тапсырманы орындау кезінде кәсібилік танытып, жүктелген міндеттерге жоғары жауапкершілікпен қарағанның өзі үлкен рөл атқарады. Қиын да игі істеріңіз үшін алғыс білдіремін – деді Ж.Сүлейменов.


Қызметкерлерге сәттілік тілеп, жеміс-жидек пен шұбат, қымыз секілді пайдалы сусындары, азық-түліктері бар мерекелік сыйлықтар жиынтығын табыс етті. Осы күні Жамбыл облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Темірбек Оразымбетов Жуалы ауданындағы блок-бекетіне барып, медицина және полиция қызметкерлерін дәстүрлі Наурыз мерекесімен құттықтап, лайықты қызмет етуді тіледі. Одан кейін әйел дәрігерлерге гүл шоқтарын ұсынып, бекеттегі барлық  қызметкерлерге сыйлықтар берді.

ПД басшысының орынбасарлары Сарысу және Мойынқұм аудандарындағы блок-бекеттердегі қызметкерлерді де назардан тыс қалдырмай, мерекелік құттықтау мен арнайы азық-түлік жиынтығын жеткізді.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы төрт өткізу бекетінде 27 полиция қызметкері қызмет етіп жатыр.

Айта кету керек, 20-21 наурыз күндері аталған блок-бекеттерден 4346 көлікпен 15 381 адам, оның ішінде жеңіл көлікпен – 3266, жолаушылар көлігімен – 425, жүк көліктерімен – 705 адам өтті.

Белгіленген іс-қимыл алгоритміне сәйкес, полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатып, дәрігерлер жүргізушілер мен жолаушыларды короновирустық инфекция белгілеріне медициналық тексеруден өткізеді.

Қазіргі уақытта блок-бекеттердегі жағдай бірқалыпты, екі бағыттан да кіруге және шығуға тыйым салынбаған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру