Полицейлер адасып қалған тұрғындарды құтқарды
Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында түнгі сағат 00.45-те Қызылорда облысы Қазалы полиция бөлімі кезекші бөлімшесіне аудан тұрғыны шағым түсірді. Ол оның әкесі, қасында жеңгесі, 5 және 3 жастағы екі немересімен бірге Абай ауылынан 45 шақырым жерде орналасқан «Жұбан» елді-мекеніндегі мал шаруашылығынан «УАЗ» автокөлігімен шығып, аудан орталығына қайтып оралмағаны туралы хабарлады.
Келіп түскен ақпарат негізінде 2 жедел-іздестіру тобы құрылып, полиция қызметкерлері дереу жоғалып кеткен адамдарды іздестіруге кірісті.Қазалы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлерінің түні бойы уақытпен санаспай, қырағылық танытып, өз қызметтік міндеттерін адал атқару барысында, таңғы сағат 7-де Қуан ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 250 шақырым жерде жоғалып кеткен тұрғындар табылды.
Анықталғандай, ауа-райының күрт өзгеріп нашарлауына байланысты олар жолды көрмей, бағытынан адасып қалған. Полиция қызметкерлері барлық жоғалған адамдарды дін-аман үйіне жеткізді.
Өз кезегінде, аман-есен қайтарылған отбасы атынан Қазалы ауданының тұрғыны Әлия Мұқанғалиева барлығын құтқарғаны үшін полиция қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді. Облыс аумағында қолайсыз ауа – райы сақталуда. Жолдардағы желдің ұйытқуы, көктайғақ барлық жол қозғалыс қатысушылары үшін қауіпті.
Осыған орай, тәртіп сақшылары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жолда мұқият болуды ескертеді. Төтенше жағдайлар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу және алдын алу шараларын күшейту мақсатында полицейлер облыс тұрғындарын жолдардағы ерекше жауапкершілік туралы ескертеді.