Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрылар қонақүйде бөлме жалдап тұрған

Алматы облысында көптен іздеуде жүрген ұрылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бірнеше адамнан тұратын қылмыстық топты қолға түсіру үшін криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері арнайы мақсаттағы жасақ жауынгерлерімен операция жүргізді. Ұсталған үш жігіттің бірнеше қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін дейді сақшылар.

«Соңғы 5 айда Талдықорғанда жер үйлерге ұры көп түсті. Көбіне олар пластик терезе арқылы, кей жағдайда есіктерге кілт таңдау арқылы кірген. Ұрылар алтын, ақша, теледидар, ноутбук, телефон сияқты бірыңғай бағалы заттарды алып отырған», – деп хабарлайды Талдықорған ҚПБ Батыс полиция бөлім басшысының орынбасары Азамат Мастекбаев.

Ұрылардың ізіне түскен полицейлер қонақүйлердің бірінде бөлме жалдап тұрып жатқан жас жігіттерге көз салыпты. Біраз уақытқа ұласқан бақылау жұмыстары оң нәтижесін берді.

«Ұрыларды кезекті қылмысынан кейін ұсталды. 23, 26 және 27 жастағы жігіттердің үшеуі де ауылдан келген. Тінту кезінде ұрланған заттардың бір бөлігі шықты және екі тасымалды радиостанция алынды. Ұсталғандар 13 қылмысқа қатысы бар екендерін толық мойындады. Қазір полицейлер күдіктілердің басқа ашылмаған қандай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», – деп толықтырады Мастекбаев.

Үш күдіктінің екеуі былтыр да осы тектес қылмыстары үшін істіб олыпты. Бұл жолы қылмыстық топты жаза мерзімін толық өтемеген араларындағы жас жігіт басқарған. Ол рация арқылы қасындағы серіктеріне үй иелерінің қаншалықты үйден алыс екені сияқты басқа да қауіпті ескертіп, хабарлап отырған.
Күдіктілер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігіне сәйкес жүргізіледі. Сот шешіміне дейін автокөлік айғақ зат ретінде тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру