БҚО-да “Орал – есірткісіз қала” бағдарламасы таныстырылды
БҚО-да “Орал – есірткісіз қала” атты есірткіге қарсы бағдарлама таныстырылды , – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шараға БҚО полиция департаментінің басшылығы, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, еріктілер, депутаттар, спортшылар, психологтар, нарколог-дәрігерлер және басқа да өкілдер қатысты.
– Бұған дейін біз нашақорлыққа қарсы күресу бойынша қысқа мерзімді іс-шаралар, акциялар, рейдтер өткіздік. Соның нәтижесінде белгілі бір ақпарат бойынша жұмыс істеп, күдіктілерді ұстап, құрықтадық. Ал енді жаңа бағдарламаның ерекшелігі пилоттық жоба ретінде болмақ. Ұзақ мерзімді іс-шаралар жыл соңына дейін жүргізілетін болады. Бұл бағыттағы жұмысқа барлық мүдделі қызметті, педагогтарды, ата-аналарды, жалпы қоғамды жұмылдыру көзделуде, сондықтан азаматтарды бей-жай қарамауға шақырамыз.
Жыл соңында бағдарламаның әрбір тармағы бойынша атқарған жұмыстарға талдау жасап, тиімділігі мен кемшіліктерді анықтаймыз. Барлық құқық қорғау органы, мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық бірлестіктермен бірге 2025 жылға арналған жоспар құрып, талдау нәтижесі бойынша бағдарламаны жетілдіретін боламыз, – деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
Департамент бастығының айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты – есірткісіз дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Оларға есірткінің зиянын қазір түсіндірсек, болашақта олар өздерінен кіші балаларға түсіндіруі қажет. Бұл бағдарлама есірткінің салдарын жою үшін емес, алдын алу бойынша жұмыс істейтін болады.
– Балаларға түсіндіру үшін көрнекі құралдар жетіспейді, сол себепті олар есірткінің не екенін түсінбейді. Ерте кезден темекі, вэйп тартады, кейін синтетикалық есірткілерге көшеді. Міне, біздің бағдарламаның мақсаты – жастарымызға соның салдарын, себебін түсіндіру. Себебі мұндай әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап көзделген, сот практикасы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Осы жылы ұсталғандардың ішінде бір оқушы, үшеуі колледждің 1-2 курс студенттері, бір жасөспірім болды. Олар 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, колонияға қамалды. Былтыр 3 кәмелетке толмаған бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Жобаға есірткі таратумен айналысатын адамдарды, есірткі лабораторияларын, есірткіні жасыратын орындар мен оны жасыратын адамдарды анықтап жатырмыз. Әлеуметтік желілердегі есірткімен байланысты хабарландырулар бойынша жұмыс жүргізіледі. Кейбір балалар хабарландыруға қызығып, өзінің есірткіні жасырушы болып жүргенін білмейді. Осындай жағдайларды болдырмау үшін түсіндіру жұмысын ерте жастан бастап жүргізу ұсынылады. Осы ретте айтарым, Заңды білмеу – қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды, – деді Арман Оразалиев.
Бұдан әрі облыс прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев, БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Кадралиев, БҚО облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, дәрігер-нарколог Ерлан Шумбалов, БҚО арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Мурадым Көшкарбаев және басқалар сөз сөйледі.
Жиынға қатысушылар полицейлердің бастамаларын бірауыздан қолдап, өз ұсыныстарын айтты.