БҚО полицейлері балаларға көмек қолын созуда
БҚО полицейлері балаларға көмек қолын созды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын республика көлемінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізіліп келеді. Акция барысында БҚО полицейлері аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етіп, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетуде.
– Бұл игі шара жыл сайын облыс көлемінде өткізіліп келеді. Казталов полиция бөлімі мектеп табалдырығын аттағалы отырған үш оқушыға мектепке қажетті киім және оқу құралдарын сыйға тарттық. Балалар сабағын тек беске оқып, білімді азамат болсын деп тілейміз. Ең бастысы, олардың қуануына себепкер болсақ – бұл біз үшін үлкен мәртебе, – деп атап өтті Казталов полиция бөлімі қызметкерлері.
– Аталған қайырымдылық шарасы басқа полиция бөлімдерінде де өз жалғасын табуда. Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Осы мақсатта аталған шара Бөрлі ауданының полиция бөлімінде белсенді түрде ұйымдастырылуда. Бұл – балаларға деген шынайы қамқорлықты танытатын игі шара, – деді Бөрлі ауданы полиция бөлімі қызметкерлері.
– Ақжайық АПБ қызметкерлері 1-сыныпқа баратын алты оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары және киім-кешекпен көмектесті. Балалардың ата-аналарының мақтанышы болып, сабақта үздік болуларын тілейміз. Біз әрқашан көмек қолын созуға дайынбыз, – деп Ақжайық АПБ полицейлері жас бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
«Мектепке жол» республикалық акциясына Орал қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ұжымы да біркісідей атсалысуда. «Берсең – балаға бер» демекші Орал қаласы ПБ қызметкелері қажетті киім-кешектерді аз қамтылған отбасыларға табыстады.
Орал қаласы ПБ Патрульдік полиция батальонының басшы және жеке құрамы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында облыс орталығының екі отбасына әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетіп, қажетті оқу құралын балалардың өз қолына табыстады.