Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Даниил Головченко: “Қазақстан татулық пен тыныштықтың символы”

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілі өмір сүрсе, олардың арасында әртүрлі қызметтің тізгінін ұстап, елдің дамуына үлес қосып жүргендері қаншама. Ішкі істер органдары қатарында да жүрегі қазақ деп соғатын өзге ұлт өкілдері кездеседі. Олардың бірі – литван ұлтының өкілі Даниил Головченко. Осы орайда Polisia.kz редакциясы Ақмола облысы ПД-да қызмет атқарып жүрген полицей туралы аз-кем мәліметті  назарларыңызға ұсынады. 

Даниил Головченко 2001 жылы  Ақмола облысының Жарқайын ауданы Державинск қаласында дүниеге келген. Әкесі Игор Головченко мен анасы Ольга Головченко Даниил мен ағасы Андрейді тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосқан үлгілі отбасы. 

Ішкі істер органдарында қызмет етемін деп алдына мақсат қойған Даниил 2019 жылы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түседі. Тергуші мамандығы бойынша білім алған. 2023 жылы оқу орнын бітірген Даниил Головченко қазіргі таңда Ақмола облысының полиция департаментінде тергеуші болып қызмет атқарады.

– Кішкентай кезімде полиция қызметкері боламын деп ойлаған жоқпын. Бұл мақсат өсе келе пайда болды. Қазақ тілін балабақшада үйренгенмін. Әрі қарай мектепті қазақша оқыған соң, тілді одан да жақсы меңгеріп кеттім. Жалпы біз Қазақстанда өмір сүрген соң қазақ тілін құрметтеп қана қоймай, тілді үйренуге талпынуымыз да қажет қой. Өзім осы елдің азаматы болғанымды мақтан тұтамын. Қазақстан татулық пен тыныштықтың символы деп айтуға болады, – дейді Даниил Головченко.

Ақмолалық полицей бос уақытында отбасымен серуендеп, спортпен шұғылданғанды жаны сүйеді. Әсіресе баскетбол – оның сүйікті спорт түрі. Жастайынан спорттың осы түрімен көп айналысқан. Салауатты өмір салтын ұстанып, әріптестеріне де  үлгі болып жүрген жайы бар.

Тергеуші Даниил Головченко өзінің ұстаздары туралы жылы пікірде. Тәлім-тәрбие беріп, жол көрсеткен жандарды ешқашан ұмытқан емес.

– Тергеуші мамандығы  – маңызды да жауапты іс. Қылмысты тергеу, анықтау және ашу қызметкерге үлкен жауапкершілік артады. Мені осы жолда баулығын алғашқы ұстазым Қасым Жапаровқа зор алғысымды жеткізгім келеді. Мен Көкшетеу қалалық ПБ-да тәжірибеден өткен кезімде маған мамандықтың барлық қыр-сырын үйретті. Сондай-ақ Ақмола облысының ПД-да алғаш жұмысқа келгендегі ұстазым Т. Жұмановқа және ұжымға ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – деді жас тергеуші.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру