Дархан Разуев: Экстремизм – терроризмге апарар жол
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін де қырық күн өтті. Әйтсе де, елді есеңгіреткен оқиға туралы қоғамда сан түрлі пікір қайшылығы толастаған жоқ. Өйткені елдегі екі бірдей құрылым экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізгенімен, радикалды топтарға тосқауыл тиісті деңгейде жүргізілмеген бе? Жұртты толғандырған сауалға жауапты ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
– Дархан Әбенұлы, экстремизмге қарсы күреспен бір емес, екі құрылым айналысады. Департаменттің бөлек міндеті бар ма?
– Екі құрылымның ортақ міндеті – елдегі экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыс істеу. Қылмыстық кодексте де осыған қатысты 23 бап бар. Оның 10 бабы бойынша қылмыстық тергеуді ішкі істер органдары және Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бірдей жүргізеді. Бірақ бұл біздің департамент комитеттің қызметін қайталайды деген сөз емес. Экстремистік және террористік қылмыстар анықталған жағдайда полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, заң шеңберінде тергеу амалдарын жүргізіп, сотқа бере алады. Бұдан бөлек еліміздегі діни ахуалды бақылаймыз. Дін саясатын үйлестіру мен бақылауды жүргізу бойынша өкілетті орган Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге деструктивтік діни ағымдардың әкімшілік және құқықбұзушылық жасауына жол бермеуге тырысамыз. Мысалы, заңда белгіленбеген діни әдебиетті тарату, рұқсатсыз миссионерлік қызмет ету, сайттардағы тыйым салынған материалдарды тексеру, деструктивтік діни ағымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларына мониторинг жүргізу де міндетіміз. Терроршылар шабуыл жасауға бейім объектілердің қауіпсіздік қызметін ұйымдастыру жай-күйіне және деңгейіне бақылау жүргіземіз. Терроршылар ең алдымен мемлекеттік маңызы бар ғимараттарға, адамдар көп жиналатын жерлер мен құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарына, өнеркәсіп, кәсіпорын, мұнай мен энергетика, электр қуатын шығаратын, су қоймалары сияқты стратегиялық нысандарға шабуыл жасайды. Сосын ойын-сауық орындары, мектеп мен балабақша, ауруханалар да террористік тұрғыда осал обьектілер. Осы нысандардың иелеріне қауіпсіздік қызметін сақтау туралы белгілі бір талап қоюға құқығымыз бар. Одан кейін елімізде қандай да бір террористік оқиға болса, терроризмге қарсы операция жүргізіледі. Оған комитет басшылық етеді, бірақ сол операцияға қатысу ішкі істер органдарының тікелей міндеті.
Бір айырмашылығы, біздің жеке құрамымыз көп. Мәселен, шалғай ауданда немесе кішігірім ауылда ҰҚК қызметкерлері бола бермейді. Ал біздің аудандық бөліністердегі учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы діни ахуалды зерделеп, алдын алу жұмысын жүргізе алады.
– Экстремизм мен терроризмді көбі дінмен байланыстырады. Кейінгі жылдары саяси экстремизм туралы да көп айтылатын болды.
– Экстремизм мен терроризмге заңда да екі түрлі ұғым береді. Екеуіне арналған бөлек заң да бар. Қылмыстық кодексте де екеуінің қылмыстық санаты бөлек қаралады. Мысалы, жарақатты емдеп жазбасаң, іріңдеп кетеді. Сол секілді экстремизм – терроризмге апарар жол. Экстремизм діни, нәсілдік, рулық, ұлтаралық, әлеуметтік араздықты қоздыруды күш қолданусыз, сана-сезімге ықпал етуге жұмыс істейді. Соның ішінде саяси экстремизмге елдің конституциялық құрылымына қарсы насихат жүргізу, күштеп өзгерту, егемендігіміздің тұтастығына қол сұғу үшін төңкеріс жасау, насихат жүргізу кіреді. Ал терроризм адамдарды қорқытып-үркітумен, зорлық-зомбылық әрекет, жарылыс, адамдарға, құрылымдық күштерге, ғимараттарға шабуыл жасау арқылы бір шешімді қабылдауға мәжбүрлеу. Мысалы, Таяу Шығыста террорлық әрекеттер жиі жасалады. Мемлекетті белгілі бір әрекетті жасауға мәжбүрлеп, ықпал ету үшін түрлі жарылыс жасап жатады. Түрмеде отырған сыбайластарын босату үшін террористік әрекетке барып жатқанын көріп отырмыз.
– Біздің елде саяси экстремизм бойынша істі болғандар бар ма?
– Еліміздің тұтастығын бұзуға талпынғандар бар. Бірақ көп емес, тергеудегі істердің 25 пайызынан аспайды. Былтыр полиция тарапынан 141 қылмыстық іс қозғалған. Бірақ оның барлығы сотқа жетпейді. Осындай істердің үштен бір бөлігі қысқартылады. Өйткені сараптама жасалады, тергеу амалдары жүргізіліп, олардың әрекеттерінде қылмыстық белгі бар-жоғы анықталуы керек. Қысқартылған істер бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылумен шектеледі. Сол 141 қылмыстық істің 45 пайызы діни экстремизм, 30-і ұлтаралық араздықты қоздыру, 25-і әлеуметтік және саяси эктремизм белгілері бойынша қозғалған. Жалпы, елде 22 ұйымға тыйым салынған. Оның ішінде 17 террорлық және 5 экстремистік ұйым бар.
– Бұрын діни қауіп Ауғанстан мен Сирия арқылы келеді дедік. Қазір анықталып жатқан жаңа каналдар бар ма?
– Шетелдердегі діни шиеленіскен оқиға көп. Бұл біздің елге де ықпалын тигізеді. Ол жерден босқындар келуі мүмкін, елге қауіп-қатер әкеледі. Терроршылар оңтүстік көршілеріміз арқылы қашып келу қаупі өте жоғары. Әлі де сол Таяу Шығыс, Ирак, Сириядағы, Ауғанстандағы террорлық ұйымдардың сол жақтағы діни деструктивтік насихаттаушыларының ықпалы бар.
– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы елдегі діни ахуалдың күрделеніп кеткенін көрсетпей ме?
– Өкінішке қарай, жат ағымның жетегінде жүргендер шетелдегі насихаттаушылардың айтқанын интернет арқылы тыңдап отыр. Біз де өз тарапымыздан олардың іс-әрекеттеріне қарсы жұмыс істеп жатырмыз. Шетелдік интернет сайттарды бұғаттау, сайттың әкімшілігіне хат жазып, материалдарды жою туралы ұсыныс жіберіледі. Бірақ ғаламтор бұғаттауға көнбейді. Есікті құлыптасаң, терезеден кіреді. Олар да қатарындағы адамның санын көбейту үшін түрлі амал жасайды. Қазір Telegram қосымшасында жат ағымдардың топтары өте көп. Бүгін бұғаттаймыз, ертең жаңа топ ашып алады. Танымал әлеуметтік желілердің барлығына мониторинг жүргізіледі. Отандық киберқадағалау жүйесі анықталған сілтемелерді енгізіп, ол автоматты түрде сарапшыларға жіберіледі. Ақпараттық сайт мазмұнында экстремистік белгілер анықталса, біздің елдің аумағында техникалық бұғаттау жасалады. Ал сервері шетелде болса, әкімшіліктеріне хат автоматты түрде жіберіледі. Бірақ кейбір сайт әкімшілері бұғаттау туралы ұсынысты қабылдамайды. Діни радикалдық бағытты ұстанатын әртүрлі террористік ұйымдар өз қатарларына адам арбау үшін заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен қолданады. Таяу Шығыстағы террористік ұйымдардың көптеген ақпараттық арналары бар. YouTube, Facebook әлеуметтік желілерінде, Telegram мессенджерлерінде өте көп. Мұндай каналдар тек араб, ағылшын тілінде насихат жүргізеді деп ойламаңыз. Сирияға соғысқа кеткен ТМД елдері азаматтарының өз қатарларында болуының арқасында олар қазір үгіт-насихатты орыс, қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік және басқа да тілдерде еркін жүргізуге мүмкіндіктері бар. Сондықтан «қаңтардағы оқиға шетелдік террористердің үндеуі бойынша жасалды» дегенге таңғалуға болмайды.
– Діни экстремистердің арбауына тез ілігудің себебі неде?
– Себеп әртүрлі. Біреуі дәстүрімізге тән дінді ұстанамын деп, білімінің таяздығынан радикалдық бағыттағы ағымға ілініп кетуі мүмкін. Ал екіншісі өмірдің қиын кезеңінде жүргенде осындай топтардың арбауына түсіп қалады. Бұл топтардың жетекшілері дәл осындай әлеуметте өз орнын таппаған адамның көзқарасын мемлекетке қарсы бұрып, кінәнің бәрін мемлекетке жауып, радикалдандырады. Біздің тараптан жасап жатқан бақылау мен алдын алу жұмысы аздық етеді. Діни экстремизмге қарсы күрес экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар жүзеге асуы керек.
– Шолақ шалбар, қауға сақалдардың тұрмыс жағдайы жақсы екені де жиі сөз болады. Бұл жат ағымды насихаттаушыларды қаржылық қолдау көрсететін қандай да «көздер» барын білдірмей ме?
– Сирияға кеткен адамдардың елден шығып кетуінде нақты бір қаржыландыру көзі болған жоқ. Жат ағымдардың жетегінде кеткендердің 90 пайызы «Мұсылмандарды қудалап жатыр» дегенге сеніп, Сирияға соңғы ақшаларына кеткен. Сол жаққа барғанда ғана террорлық ұйымдар олардың өмір сүру үшін ақша төлеп, қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған. Ал елдегі бірден жағдайы жақсарып кеткені үшін деструктивті діни ағымның құрамында жүрген адамға заңға қайшы әрекет етпесе, құқығын шектей алмаймыз. Өйткені олар да жұмыс істеуге, бизнес жасауға құқығы бар. Бірақ олар көбінесе жамағат болып жүреді. Олар өздерінің жамағатына кіргізу үшін әлеуметтік деңгейі төмен адамдарға қаржылай көмектеседі. Бұл қылмыстық құқықбұзушылық әрекетке жатпайды.
– Қайта қылмыс жасайтын діни экстремистер бар ма?
– Экстремистік қылмыс жасап, шыққан соң террорлық әрекет жасаған адамдар жоқ. Дегенмен діни араздықты насихаттап жүріп сотталып, бостандыққа шыққан соң сол іс-әрекетін тоқтатпайтындар бар. Әйтсе де жауапқа тартылған адамдардың жалпы санынан алып қарасаң, қайта қылмыс жасайтындар 1 пайызға да жетпейді.
– Түзеу мекемелерінде діни ахуалға экстремизммен сотталғандардың ықпал ету жағдайлары ше?
– Түзеу мекемесі жабық кеңістік болғандықтан сотталғандар бірге отырады. Бізде экстремистер мен терроршыларды бір мекемеге оқшаулап ұстау тәжірибесі болған. Бірақ көп созылған жоқ. Өйткені бұл тәжірибе керісінше дұрыс еместігін байқадық. Радикалдар бір жерге жиналғанда оларды дұрыс жолға қайта бұрып, қазақы құндылыққа қайтару қиын. Себебі олардың ортасы бір. Бір адамның санасын өзгертуге талпынғаныңмен, қалғандары қайтып өз орталарына шақырып алады. Оларды қалған жазасын өтеушілермен бірге отырғызғанымызбен, ары қарай жұмыс тоқтаған жоқ. Түзеу мекемесіне дейін тергеу кезінде оларды оқшау ұстаймыз. Тергеу жүргізіліп жатқан кезде теологтер мен психологтар жұмыс жүргізеді. Бастапқы бағытынан дұрыс жолға келмесе оқшаулануы мүмкін. Сотталушыны дұрыс жолға түсіру үшін қандай жұмыс жүргізу керегі анықталады. Қазір түзеу мекемелерінде 530-ға жуық адам діни экстремизммен істі болғандар. Барлығымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жазасын толық өтеп бітпегенше олар рақымшылыққа ілінбейді.
– Сириядан келген жазасын өтеушілердің арасында әйелдері де жаза арқалады ма?
– «Жусан» операциясы секілді бірегей тәжірибені Қазақстаннан басқа әлемде бірде-бір ел жасамаған. Бізден кейін Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей де өз адамдарын әкелді. Бірақ біз секілді кезең-кезеңімен 600-ден аса адамды алдыртқан жоқ. Бірақ біздің қоғамда жекелеген адамдар бұл тәжірибені керісінше қабылдады. «Адасқандарды елге алдыру дұрыс болмады», «Олардың санасы уланған» деген пікірлер айтылды. Дұрыс жұмыс жүргізілсе, адамның санасын өзгертуге болады. Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Рас, ер адамдар қарулы қақтығысқа қатысатынын саналы түрде біліп барды. Әйелдері мен балалары күйеулерінің артынан мәжбүрлі түрде кетті. Сирияға кеткен әйелдердің 90 пайызы күйеуінің мәжбүрлеуімен барғандар. Ал балалардың кінәсі қандай? Біз оларды неге қайтармауымыз керек? Елге қайтып келген 600 адамның 400-ден астамы кәмелетке толмаған бала. Елге 40-қа жуық ер адам, 160 әйел келді. Қазір ол жақтағы жағдай өте күрделі. Басқа елдерден барған содырлар Сирия мен Ирактың аумағындағы түрмелерде жатыр. Санитарлық жағдай жоқ сол түрмеде балалар мен әйелдер де қамалған. Біз сондай сұмдықтан өз адамдарымызды алып кете алдық. Ол жақта қалған отандастарымыз әлі де бар. Елге әкелінген анасы мен балаларына жеке жұмыс жүргізіледі. Қазірдің өзінде құжаттарын жөндеп, кәсіптік білім алып, жұмысқа орналасты. Мемлекет пен қоғам оларды қолдамаса, олар керісінше радикалданады. Ал ерлерінің барлығы террорлық әрекетке қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Арасында әйел адамдар да бар. Қазір колонияларда 13 әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың белгілі бір деңгейде террорлық әрекетке барғаны дәлелденді.