«Допинг» іс-шарасы: Жамбылда полицейлер 42 есірткі қылмысын анықтады
Жамбыл облысында полицейлер «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 42 есірткі қылмысын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Допинг» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген 5 күн ішінде 42 есірткі қылмысын анықтады.
ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) бойынша 8 қылмыстың жетеуі, сондай-ақ есірткі құралдарын контрабандалаудың бір дерегі ҚР ҚК 286-бабы 1-бөлігі бойынша анықталды.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 296-бабының 2, 3-бөліктері бойынша (Есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз ірі мөлшерде заңсыз сақтау) 8 қылмыстық теріс қылық анықталды.
Әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 26 хаттама толтырылды: ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы 1-бөлігі бойынша (Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу) – 17 , ҚР ӘҚБтК-нің 427-бабы 1-бөлігі бойынша (Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) – 9 материал.
Полиция қызметкерлері 29 дәріхананы, 6 медициналық мекемені және төрт өнеркәсіп орнын тексерді.
Заңсыз айналымнан 21 келіден астам есірткі, адам ағзасына зиян келтіретін 460 дәрілік препарат (трамадол, сомнол және басқалары) және 42 тонна түрлі прекурсорлар (30 тонна күкірт қышқылы және 12 тонна тұз қышқылы) тәркіленді.