"Допинг" нәтижесі
Жамбылда "Допинг" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында есірткімен байланысты 29 қылмыс анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында "Допинг" республикалық жедел-алдын алу шарасы төрт тәулік бойы өткізілді.
Оның ішінде есірткі заттарын өткізудің 3 дерегі, есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтаудың 2 дерегі, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 1 және 3-бөлігімен 11 қылмыстық теріс қылық "Есірткі заттарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану" , 303-баптың 1-бөлігімен бір дерек "Есірткі заттарын, психотроптық немесе улы заттарды пайдалану ережелерін бұзу" - барлығы 17 қылмыстық деректің жолы кесілді.
12 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды, атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы 1-бөлігімен - сегіз дерек "Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзу", 427- баптың 1- бөлігімен - төрт дерек "Есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй - жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу".
Жалпы облыс көлемінде 96 дәріхана, 28 қойма, 21 емдеу мекемесі, 17 кәсіпорын тексерілді. Заңсыз айналымнан 35 келі марихуана, 5 келі гашиш", 3 грамм героин, 12 келі күкірт қышқылының прекурсорлары мен 1249 ампула есірткі және психотроптық заттар алынды.
Тараз қаласында үй қабырғалары мен қоршауларында синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффит-жазуларды жазған үш адам қолға түсті.
Олар кінәсін мойындап, ҚР Қылмыстық кодексінің 299-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
2019 жылғы 27 желтоқсандағы жаңа өзгерістер мен толықтырулар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінде осы бап бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Есірткі қылмысының алдын алу және болдырмау, ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.