«Допинг» нәтижесі
Жамбылда «Допинг» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында есірткімен байланысты 29 қылмыс анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында «Допинг» республикалық жедел-алдын алу шарасы төрт тәулік бойы өткізілді.
Оның ішінде есірткі заттарын өткізудің 3 дерегі, есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтаудың 2 дерегі, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 1 және 3-бөлігімен 11 қылмыстық теріс қылық «Есірткі заттарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану» , 303-баптың 1-бөлігімен бір дерек «Есірткі заттарын, психотроптық немесе улы заттарды пайдалану ережелерін бұзу» – барлығы 17 қылмыстық деректің жолы кесілді.
12 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды, атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы 1-бөлігімен – сегіз дерек «Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзу», 427- баптың 1- бөлігімен – төрт дерек «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй – жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу».
Жалпы облыс көлемінде 96 дәріхана, 28 қойма, 21 емдеу мекемесі, 17 кәсіпорын тексерілді. Заңсыз айналымнан 35 келі марихуана, 5 келі гашиш», 3 грамм героин, 12 келі күкірт қышқылының прекурсорлары мен 1249 ампула есірткі және психотроптық заттар алынды.
Тараз қаласында үй қабырғалары мен қоршауларында синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффит-жазуларды жазған үш адам қолға түсті.
Олар кінәсін мойындап, ҚР Қылмыстық кодексінің 299-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
2019 жылғы 27 желтоқсандағы жаңа өзгерістер мен толықтырулар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінде осы бап бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Есірткі қылмысының алдын алу және болдырмау, ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.