Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дүкеннен киім ұрлаған келестік әйел анықталды

Түркістан облысының полицейлері дүкеннен киім ұрлаған жас әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын жеке кәсіпкер арызданып, өзіне тиесілі азық-түлік пен киім-кешек сататын кіші маркетінде ұрлық болғаны жөнінде хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам сатылымда тұрған заттарын ұрлап, 100 мың теңгеге жуық шығын келтірген. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, бірден іске кірісті.

Аудандық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы тез арада оқиға орнына жетті. Дүкеннен киім ұрлаған күдіктіні ұстауға, қылмысты ашуға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Жақын аумақтарды мұқият тексерді. Соның нәтижесінде күдікті тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жас әйел болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті әйел кішкентайымен дүкенге келіп, балалар киіміне арналған сөмкесіне бірнеше жаңа киімдерді салып алып, білдіртпей шығып кеткен. Ұрланған заттар айғақты зат ретінде күдіктіден алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бас шарасы “міндеттемеде”. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қылмыстық қолсұғушылықтан қорғанып, өз мүлкіне ұқыпты болуын ескертеді. Әсіресе, сауда орындарының қауіпсіздігі мен күзетіне ерекше мән беріп, дүкендерге мықты есік, терезелерге темір тор орнатып, ғимаратты бейнекамералар және дабыл жүйесімен қамтамасыз етуді сұрайды. Егер де, сіз, ұрлық немесе тонаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда тез арада полицияның “102” телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру