Е.Тұрғымбаев мінсіз учаскелік полиция инспекторларына тән қасиеттерді атады
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзінің Facebook-тегі әлеуметтік парақшасында учаскелік полиция инспекторларының стандарттары және «қолжетімді полиция» қағидаты бойынша полиция қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ басшысы өзінің әлеуметтік желідегі жазбасын учаскелік инспекторлардың ең маңызды қасиеттері кішіпейілдік, қамқорлық, өз ісіне адалдық деп санамалаудан бастады.
– Учаскелік полиция инспекторы құқықтық тәртіп пен билік органдарының халыққа ең жақын, көмекке келуге әрдайым дайын өкілі болып табылады, ол ішкі істер органдары мен халықтың арасын байланыстырушы буын ретінде қызмет атқарады. Учаскелік полиция инспекторлары халықпен күнделікті тікелей байланыста, азаматтарға бірінші болып көмекке келеді, олардың проблемаларын тыңдайды әрі шешімін табуға тырысады. Учаске тұрғындары өздерін қырсық шалғанда, тұрмыстық проблемаларымен, отбасылық кикілжіңдері бойынша, көршілерімен даулы мәселелер туындағанда ең алдымен учаскелік полиция инспекторына жүгінеді. Учаскелік полиция инспекторлары күнделікті байқалмайтын, бірақ азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша күрделі жұмыстарды атқарады делінген жазбада.
Тұрғымбаев Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қолжетімді полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметін реформалауда басты рөл учаскелік полиция инспекторларына берілгені кездейсоқтық емес екенін айтты.
– Учаскелік полиция инспекторы танымал, қолжетімді әрі азаматтар арасында беделді болуы керек. Азаматтардың құқықтарын белсенді қорғауы тиіс. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін адамдармен ашық диалог құруға үйрету маңызды, – деді Президент.
Ішкі істер министрлігі үшін ішкі істер органдарының қызметін жетілдірудің басым бағыттарының бірі азаматтық қоғаммен серіктестік қарым-қатынастарды және халықпен өзара іс-қимыл жасасудың түрлі формаларын дамыту болып табылады. Министр қазіргі таңда проблемалық мәселелерді зерделеу, қызмет көрсетілетін учаскедегі құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әкімшілік учаскенің тұрғындарын барынша қамтуға бағытталған «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өтізіліп жатқанын еске салды.
– Учаскелік полиция инспекторлары қызметінің негізгі саласы нақты азаматтарға құқық қорғау қызметін көрсетумен байланысты болғандықтан полиция құқық қорғау қызметтерінің тұтынушылары ретінде азаматтармен тікелей кері байланыс арналарын құруға мүдделі. Бұл үшін комминукацияның барлық түрлері, танымал мессенджерлер пайдаланылады. Полиция учаскелерінің мекенжайлары, қызмет көрсету аумақтары және учаскелік полиция инспекторларының деректері мен байланыс телефондары Полиция департаменттерінің сайттарында, полицияның қалалық, аудандық бөліністері басшыларының әлеуметтік желілердегі парақшаларында орналастырылған, -деді Тұрғымбаев.
Сондай-ақ қазір учаскелік полиция инспекторының учаске халқымен өзара іс-қимыл жасасуының мынадай формасы енгізілуде, атап айтқанда учаскелік полиция инспекторы ақпарат және жедел хабарламалар алмасу үшін құрылған көршілердің топтық чатына қосылады.
– Платформа танымал, әрі қарапайым және ыңғайлы. Тұрғындар оқиғалар туралы бір-бірін хабарландырады, мысалы аулада пайда болған күдікті адам туралы ескертеді, ойнап жүрген бала көзден таса болғанда бір-бірінен көмек сұрайды. Мұндай топтарда жергілікті полиция қызметі өкілінің болуы түрлі жағдайларға ұтқыр әрі жедел ден қоюға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша уақтылы шаралар қабылдауға, құқық бұзушылықтардың, оның ішінде отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Учаскелік полиция инспекторы өз учаскесінің азаматтарының проблемалары туралы ақпаратты сигналға дейін, ресми арыздануды күтпей-ақ алатын болады, оларды уақтылы шешеді және пәрменді шаралар қабылдайды, қажеттілік туындаған жағдайда қосымша күштер шақырады, – деп жазды Министр.
Еліміздің бас полицейі азаматтармен қарым-қатынастың мұндай тәсілінің кейбір өңірлерде қолданысқа енгізіліп, жақсы нәтижелер көрсеткенін айтты.
– Біз жақсы пікірлер естіп жатырмыз. Сондықтан мұндай практиканы тек мегаполистер мен ірі қалаларда ғана емес, барлық өңірлерге енгізуге негіз бар. Менің тарапымнан полицияның аумақтық бөліністеріне тиісті нұсқаулар мен тапсырмалар жіберілді. Тұрғындардың біздің жаңа бастамамызды оң бағалап, басты міндеті әрбір азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігі болып табылатын учаскелік полиция инспекторларының қызметіне белсенді қолдау көрсететініне сенімдімін, – деп түйіндеді Тұрғымбаев.