Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында “Автобус” жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде 232 құқық бұзушылық анықталды

Алматы облысында “Автобус” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Алматы облысында жол апаттарын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында 21-23 қазан аралығында “Автобус” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

– Іс-шара барысында біз Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, Мемлекеттік кірістер департаментімен және өзге де мүдделі орган өкілдерімен бірлесіп, қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын тексереміз. Сонымен қатар автобустарды басқару және пайдалану нормативтері мен стандарттарының бұзылуы, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау фактілерін анықтау бойынша шаралар қабылданады, сондай-ақ жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып, медициналық және техникалық байқаудан өткізу  шараларын, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауы тексеріледі, – деп атап өтті Алматы облысының ПД ЖПҚБ бастығы Бағдат Әшімов.

Республикалық іс-шараның алғашқы күні қоғамдық көлік тізгіндеген жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 232 дерегі әшкере болды.

Қозғалыс кезінде ұялы телефонын пайдаланған 52 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылса, жолда жүру тәртібін сақтамаған 48 қоғамдық көлік иесі айыппұл арқалады. 2 көлік арнайы тұраққа тоғытылса, автобус паркінің  2 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері қоғамдық көліктерде жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру