Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда көліктен денесін шығарған жолаушыға айыппұл салынды

Екібастұзда көліктен денесін шығарған жолаушыға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

21 тамыз күні сағат 18.30 шамасында Екібастұз қаласы Астана көшесінің бойында полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде жолаушысы денесін көліктің терезесінен сыртқа шығарып алған Mercedes автокөлігін байқайды.

– Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін автокөлік тоқтатылды. 4.2.3-тармаққа сәйкес жол қозғалысы кезінде жолаушыларға есіктерді ашуға, сондай-ақ көлік құралының терезелері мен люктерінен шығуға тыйым салынады, – деп хабарлады Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов.

Тәртіп сақшысы жолаушылар мен жүктерді тасымалдау жөніндегі талапты сақтамағаны үшін 25 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалғанын хабарлады. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы 1-бөлігі бойынша (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың ереже талаптарын орындамауы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған, жолаушыға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Әкімшілік хаттамалардан басқа тәртіп бұзушылармен осындай бұзушылықтарға жол бермеу туралы айтылды. Аймақ жолдарындағы апаттардың алдын алу мақсатында 19-21 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол»жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Төлеген Құдайбергенов Екібастұз аймағы бойынша ғана 100-ге жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесілгенін атап өтті.

Негізінен бұл – маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, қиылыстардан өту ережелерін бұзу, жылдамдық режимін сақтамау. Қабылданған шараларға қарамастан, үш жүргізуші мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін ұсталды, осылайша өз өміріне, сондай-ақ басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төнді.

Әрбір жүргізушіге қатысты материалдар сотқа жіберілді, ҚР ӘҚБК 608-бабында 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге КҚ басқару құқығынан айыру қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру