Екібастұзда қызмет бабында қаза тапқан полицейді еске алуға арналған футболдан турнир өтті
Екібастұзда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейді еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұзда 1994 жылы 3 ақпанда қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Ербол Сембаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Іс-шараға әкесі Қабыкеш Қайроллаұлы, жұбайы Маржан және туыстары қатысты. Турнир Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан және бір минут үнсіздіктен басталды. Облыстық полиция ведомствосы бастығының орынбасары Данияр Бек, ардагерлер кеңесі мен Ұлттық ұланның төрағасы Бақберды Абраев, Екібастұз қаласы ПБ ардагерлері мен басшылығы құттықтау сөз сөйледі.
– Спорттық жарыстарды ұйымдастырғаны үшін баршаңызға алғыс айтамын. Ұлымды еске алғаныңыз үшін барлығына көп рақмет, бұл біздің отбасымыз үшін өте маңызды. Ербол спортты өте жақсы көретін, егер ол тірі болса, мұндай турнирге қатысар еді, бірақ бүгінде оның әріптестері, ағалары мен достары ойнайды. Сол қайғылы күн әлі есімде. Біз ұлымның небәрі 40 күнге толған қызының туған күнін тойлау үшін қонақ күттік. Қырқынан шығару рәсімін өткізуді жоспарлаған болатынбыз, бірақ өмір оны өзгеше жоспарлаған екен. Қызының атын да өзі қойды, бірақ өсіріп, тәрбиелей алмады. Баршаңызға денсаулық және Отанға абыроймен қызмет етуді тілеймін. Менің ұлым құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде алдыңғы қатарда тұрған барлық жас офицерлер үшін Отанға қызмет ету мен батылдықтың үлгісіне айналды, – деп өз эмоцияларын тежей отырып, турнир қатысушыларына Қабыкеш Қайроллаұлы алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Сембаев Ербол Баянауыл кентінде туып-өскен. Әскерден демобилизациядан кейін ол қайтып келіп, туған ауылында жұмыс істеді. 1993 жылы полиция қызметіне кіріп, Екібастұз ҚІІБ жол полициясының инспекторы болып тағайындалды. Сол қайғылы күні, 1994 жылы 3 ақпанда Ербол стационарлық жол полициясында қызмет атқарды. Сағат 14:00 шамасында ол КамАЗ көлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісін сезіп, оны куәландыру үшін көлікпен жүруді ұсынды. Автобус жүріп бара жатқанда, ұсталған жүргізуші артқы жағынан алдыңғы орындықта отырған Ерболға жақындап, оның арқасына пышақ сұғып алды. Жараланған полицей есін жинай алмай ауруханада қайтыс болды. Қылмыскер жасырынуға тырысты, бірақ оны полиция ұстап алып, қылмыстық жауапкершілікке тартты.
Турнирге облыстың аумақтық бөлімшелерінің командалары, ардагерлер мен Ербол өскен ауыл тұрғындары қатысты. Спорттық жарыс қызу өтті, барлық командалар лайықты ойын көрсетті. Турнир қатысушыларын жеңіске шақыра отырып, жанкүйерлер ойынның қызығын белсенді түрде қолдады.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Ертіс ауданының командасы, екінші орынды Павлодар қаласы ПБ командасы, үшінші орынды ІІО ардагерлері иеленді. Төрешілер алқасымен үздік ойыншылар анықталды: Саянов Азамат (Ертіс ауданы), Құсдәулетов Асылбек (Павлодар қаласы) және Айкен Диас (Павлодар қаласы). Жеңімпаздар кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.