Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еліміздің шығысындағы арнайы операция: өңіраралық ірі есірткі арнасы жойылды

Еліміздің шығысындағы арнайы операция барысында өңіраралық есірткі арнасы жойылды, 380 келіден артық марихуана және гашиш тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың 20 сәуіріндегі Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың берген сегізінші тапсырмасын іске асыруды қамтамасыз етуде. Онда есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту мәселесі қозғалды. Полиция департаменті қызметкерлерінің синтетикалық есірткіні дайындаумен және өткізумен айналысқан ҰҚТ-ның (ұйымдасқан қылмыстық топтың) қылмыстық іс-әрекетінің жолын кескені туралы бұрын хабарланғанына жарты ай өтпей жатып, полиция қызметкерлері ҰҚКД-дегі әріптестерімен өзара іс-қимыл жасасу арқылы еліміздің оңтүстік өңірінен есірткі заттарын жеткізудің өңіраралық ірі арналарын жою бойынша тағы да кең ауқымды арнайы операция өткізді.

Ағымдағы жылдың сәуір айының соңында ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын сотты болған Жамбыл облысы тұрғынының жекелеген адамдармен тұрақты есірткі арналарының жұмысын ұйымдастырып отырғаны туралы ақпарат алған. Ол марихуана мен гашиш есірткі заттарын жүк көлігіндегі жасырын орынға салып, Өскемен қаласына өткізу үшін жеткізіп отырғаны анықталды. Осы схеманың барлық қатысушылары, оның ішінде есірткіні қала тұрғындарына өткізуді тікелей жүзеге асырған адамдардың жеке басы анықталғаннан кейін, құқық қорғаушылар оларды ұстауға кірісті.

Бастапқыда осы өңірдегі есірткі өткізуші 43 жастағы қала тұрғыны ұсталды, одан 1,5 келі марихуана тәркіленіп алынды. Содан кейін гараж кооперативтерінің бірінен есірткі қоймасы табылған, онда «қоймашы» деп аталатын 40 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны қалаға әкелінген есірткіні сақтаған. Ол жерден 74 келіден астам марихуана және 1,7 келі гашиш алынған.
Арнайы операцияның соңғы кезеңінде ағымдағы жылдың 17 мамырында облыс орталығына аса ірі көлемдегі есірткіні тағы да әкелу кезінде «жеткізушінің» өзі, яғни 50 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Оның басқаруындағы жүк көлігі шанағының алдыңғы бөлігіндегі арнайы жабдықталған жасырын орыннан 300 келіден астам марихуана және сегіз келіге жуық гашиш табылған.

ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев атап өткендей:

– Осы есірткі арнасын жою барысында 380 келіден астам өсімдік тектес әртүрлі есірткі заттары алынды. Қазіргі уақытта күдіктілер ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылуда, аталған қылмыс үшін 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

​Алдын ала деректер бойынша тәркіленіп алынған есірткі заттарының «қара базардағы» құны 320 миллион теңгеден асады.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру