Елордада 28 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында полицейлер 28 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» экологиялық акциясы аясында елорда полицейлері қоршаған ортаны абаттандыру ережелерін бұзу және қоғамдық орындарды ластау фактілерінің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.
Акция басталғалы бері 28 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті жауапкершілік жүктелді. Олардың қатарында қоғамдық орындарды ластау мен абаттандыруды бұзу жағдайлары бар. Сондай-ақ рұқсатсыз қоқыс төгу және ағынды суларды заңсыз ағызғаны үшін 420-дан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, кәріз көлігінің жүргізушісі елорда маңында ағынды суды заңсыз төккені анықталды. Бұл әрекеті үшін оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік жаза қолданылды.
Астана қалалық полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын елорданың тазалығына немқұрайлы қарамауға, қаламызды көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырады. Егер рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төгу немесе құрылыс қалдықтарын заңсыз сақтау әрекеттерінің куәсі болсаңыз, «102» арнасына дереу хабарлаңыз. Сондай-ақ құқық бұзушылық фактісін, автокөлік нөмірін немесе басқа да дәлелдерді смартфон немесе басқа құрылғы көмегімен түсіріп алу ұсынылады. Бұл материалдар құқық бұзушылықты қарау кезінде маңызды дәлел ретінде қолданылуы мүмкін.
Астана – таза қала. Оны бірге сақтайық!