Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада 9-қабаттан секірмек болған азаматты құтқарған полицейлер мен қала тұрғыны марапатталды

Елордалық бас полицей 9 қабаттан секірмек болған азаматты құтқарған полицейлер мен қала тұрғынын марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев ер адамды көпқабатты үйден секіруден құтқарған елордалық учаскелік инспекторлар мен елорда тұрғынын грамоталармен марапаттады. Оқиға Байтұрсынов көшесіндегі тұрғын үйде болған. Полицияға қала тұрғыны хабарласып, ер адамның 9-қабаттан секірмекші екендігін айтқан. Оқиға орнына Алматы ауданының УПП-5 учаскелік полиция инспекторлары Мавлон Аманқұлов пен Азамат Төребай дереу жетті.

Полицейлер мекенжайға келген кезде ер адамның балкон қоршауында отырғанын және секіруге әрекет жасап жатқандығын көрген. Жедел түрде қабатқа көтеріліп, жағдайды бағалай отырып, полиция қызметкерлерінің бірі уақытты созып, ер адамды әңгімеге тартып, секіруден бас тартуға көндіруге тырысқан. Бірақ ер адам айқайлап, ешкімді жанына жолатпаған. Содан кейін тәртіп сақшысы бір қабат төмен түсіп, айқай-шуды естігеннен кейін көмекке келген сол үйдің тұрғыны Ақан Хамидуллинмен бірге 8 қабаттың балконынан ер адамды ішке қарай итеріп кіргізген. Осы уақытта 9 қабаттағы учаскелік инспектор оны ішке қарай тартып алған.

Құтқарылған 36 жастағы ер адамға психологиялық көмек көрсетілді.

Астана қаласының полиция департаменті белсенді азаматтық ұстанымы үшін елорда тұрғынына алғысын білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру