Елордада ер адам манекеннен күртешені шешіп алып, сатып жіберген
Елордада ер адам манекеннен күртешені шешіп алып, сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Байқоңыр ауданының полицейлері бұрын дүкенде бірнеше рет ұсақ ұрлық жасады деген күдікпен 45 жастағы астаналықты анықтады.
Қазіргі уақытта оның екі ұрлық қылмысына қатыстылығы белгілі болды. Ол күндізгі уақытта дүкендегі бутиктің жанында тұрған манекендегі қыстық күртешені көріп, қызығып қарған. Жақын жерде ешкім болмағанын пайдаланып, қаскүнем сырт киімді манекеннен шешіп алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ол ұрланған киімді жол-жөнекей кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға сатып үлгерген.
Оған қатысты ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамның бұрын жасалған осындай қылмысқа қатысы бар екені анықталып жатыр.