Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада ІІМ тергеу бөліністерінің спартакиадасы өтті

«Алатау» спорт сарайында полиция тергеушілері арасында спорттық жарыс өтті. Оған мини-футбол, волейбол, шахмат және үстел теннисінен тартысқа түскен алты команда қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Спартакиаданың басты мақсаты – қызметкерлер арасында командалық рухты көтеріп, олардың әріптестік қарым-қатынасын нығайту.

Шахматтан жеке біріншілікте ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкері Азамат Биласаров жоғары нәтиже көрсетті. Министрліктің тергеу департаментінің қызметкері Нұржан Қойгелдин екінші болды. Елордалық полиция департаментінің қызметкері Айдар Кумысбаев үздік үштікті түйіндеді.

Әлемдегі ең танымал спорттық ойындардың бірі болып саналатын үстел теннисінен жеке есепте ІІМ Қарағанды академиясының қызметкері Нұржан Атембеков топ жарды. Екінші орынды көліктегі полиция департаментінің қызметкері Рүстем Шаймұханов қанжығаласа, үшінші орын елордалық полиция департаментінің қызметкері Серік Ибраевқа бұйырды.

Волейбол ойындары жанкүйерлерге керемет әсер қалдырды. Турнирдің әрбір қатысушысы өз командасының жеңісі үшін бар күшін ортаға салды. Мұнда орындар келесідей бөлінді: 1-орын – Қарағанды академиясы, 2-орын – ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті, 3-орын – Астана қаласы полиция департаменті.

Мини-футболдан тергеу департаменті мен ведомстволық оқу орнының командалары арасында өткен финалдық кездесу тартысқа толы болды. Ойын барысында екі құрама тең нәтиже көрсеткендіктен төрешілерге пенальти ұйымдастыруға тура келді. Қызықты матчта академия оқытушылары жеңіске жетті. Турнирдің қола жүлдесі көлік полицейлеріне бұйырды.

Жалпы командалық есепте жеңімпаз кубогы Қарағанды академиясына бұйырды. Тұғырдың мәртебелі екінші орнына өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері көтерілді. Үшінші орынды ведомство тергеушілері иеленді.

– Бүгінгі ойын жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға алғыс білдіремін. Мұндай спорттық сайыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамын, – деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру