Елордада жыл басынан бері 6 бала терезеден құлап кеткен
Елордада жыл басынан бері 6 бала терезеден құлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полицейлер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажеттілігіне ересектердің назарын аудара отырып, профилактикалық жұмыстарды үнемі жүргізеді. Алайда, қала аумағында балалардың биіктіктен құлау жағдайлары тіркеліп жатыр. Жыл басынан бері Астанада балалардың терезеден құлауының 6 дерегі тіркелді. Қуанышқа орай, барлық балалар тірі қалған, алайда жарақат алған.
Полицияға үйдің үшінші қабатынан баланың құлап кеткені туралы қоңырау келіп түскен. 2 жасар бала үйде үлкен балалармен қалған және терезеге көтеріліп, масаға қарсы торға сүйеніп тұрып құлап кеткені анықталды. Бүлдіршін ауруханаға жатқызылды.
Полиция қызметкерлері тағы да ата-аналарға балалар қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертеді. Құлаудың басым көпшілігі ересектердің балалардың жүріс-тұрысын бақыламауынан, терезелерді жабуды ұмытып кететін жақын туғандарының немқұрайдылығынан, терезелерде блок-құлыптардың болмауынан, балаларға терезеге өздігінен көтерілуге мүмкіндік беретін жиһаздың дұрыс орналаспауынан және терезе жабық тұрғандай иллюзия тудыратын масаға қарсы торлардың болуынан туындайды.
Есіңізде болсын, баланың қауіпсіздігі ересектердің сақтығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Немқұрайдылық таныту – қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін екендігін естеріңізге саламыз.