Елордалық бикеш алаяқтық жасады деген күдікпен құрықталды
Сарыарқа ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жолмен ақша иемденген 25 жастағы қала тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында оның InDrive қосымшасы арқылы такси-курьерге тапсырыс бергені белгілі болды. Такси төлемін жоғары қойып, солайша жүргізушіні қызықтырған бикеш, Ардагерлер көшесінен телефонды алып кетуге тапсырыс берген. Такси жүргізушісінен кепілдік ретінде ақша сұрап, жеткізу пунктінде жол ақысымен бірге қайтаратынын айтқан. Мекенжайға жеткен курьер тасымалдаған гаджеттің іске жарамсыз екенін және алаяққа алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Аталған дерекке қатысты 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бикештің осыған ұқсас айла-амалмен тағы бірнеше қала тұрғынын алдағаны анықталды. Ұсталған азаматша кінәсін мойындады, оның елорда аумағында жасалған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.