Елордалық ІІО ардагерлері арасында футболдан турнир өтті
Қорғалжың ауылында ішкі істер органдарының ардагерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейсенбаев Қанатбек Жеңісұлын еске алуға арналған 50 жастан асқандар арасында футболдан республикалық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған турнирге елордалық полиция басқармасының ардагерлер командасы қатысып 1-орын жүлдесін иеленді.
Жеңімпаз ардагерлерді Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев жеңісімен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді. Арнайы марапатты тапсыруға Байқоңыр ауданы ПБ ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Константинович Крутицкий шақырылды.
– Мұндай спорттық іс-шаралар – салауатты өмір салтын сақтаудың ең қызықты әрі пайдалы жолдарының бірі, – деді Астана қаласы ПД ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Болатбекұлы Досаев.
Бүгінгі күні ішкі істер органдарының ардагерлері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі іс-шараларға қатысып, жинақталған тәжірибесі мен білімін бере отырып, жас мамандарды үйретіп, олармен патриоттық жұмыс жүргізуге үлкен көңіл бөліп жатыр.