Елордалық мейрамхананың кассасынан қомақты қаражатты иемденген қызметкер анықталды
Елордалық мейрамхананың әкімшісі полицияға кассадан 850 мың теңге ұрланғанын хабарлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында мекеменің қызметкерінің ұрлыққа қатысы бар екендігі анықталды. Кальяншы мен даяшының міндетін атқарушы, 33 жастағы ер адам кассадан еркін қол жеткізу арқылы қолма-қол ақшаны ұрлап кеткен.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамның қала аумағында бұрын-соңды жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар екендігі анықталды.
Астана қаласының полиция департаменті шағын және орта бизнес иелеріне сақ болуды және объектілерде ұрлықтан қорғаудың қосымша шараларын енгізуді ұсынды.