Елордалық полицейлер мас күйде рөлге отырған мотоцикл жүргізушісін анықтады
Елордалық полицейлер мас күйде рөлге отырған мотоцикл жүргізушісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полицейлер сағат 02.50-де Қабанбай батыр көшесінде оқылмайтын нөмірлік белгімен жүрген Minsk Enduro мотоциклін байқаған. Жүргізуші мемлекеттік белгіні, артқы нөмірдің кейбір әріптері мен сандары көрінбейтін етіп орнатқан.
Құжаттарды тексеру кезінде полиция қызметкерлері 29 жастағы мотоцикл жүргізушісінен алкогольдің иісі шыққанын байқаған. Ер адам медициналық куәландыруға жеткізілген. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ол «жеңіл» дәрежеде мас болған. Сонымен қатар жүргізуші жүргізу куәлігінсіз мотоциклді тізгіндегені анықталды.
Қазіргі уақытта сот шешімімен ол 20 тәулікке қамауға алынды. Көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды.
Мотоцикл жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608 (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) және 590-баптары (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша бірден екі әкімшілік іс қозғалды.
«Мас жүргізуші – қылмыскер!» жергілікті-рейдтік іс-шарасын өткізу кезінде екі күн ішінде елордада 25 жүргізуші мас күйінде ұсталды.
Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Құқық бұзушылардың барлық көлік құралдары арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.
Рейд барысында 17 мотоцикл айыптұраққа қойылды. Олардың жүргізушілері сақтандыру полисінсіз, техникалық сипаттамаларын бұзумен көлікті басқара отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзған.