Елордалық полицейлер тонауға қатысы бар адамды қамауға алды
Күндізгі уақытта ер адам мас күйінде Жирентаев көшесіндегі тұрғын үйге кіріп, егде жастағы әйелді тонап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорданың 70 жастағы тұрғынының айтуынша, белгісіз біреу есікті қағып, есікті ашқан сәтте үйге кіріп, теледидарды, ұялы телефонды және аяқ киімді алып кеткен.
Қылмыс орнынан жасырынған ер адам, жол бойында тұрған көлік жүргізушісімен жанжалдасып қалған. Төбелес барысында ол көліктің есігіне зақым келтірген. Жүргізушінің шақыруы бойынша келген полицейлер бұзақыны Алматы ауданының полиция басқармасына жеткізді.
Іс жүргізу барысында ұсталған ер адамның тонауға қатысы бар екендігі анықталды. Бұл ретте бөтеннің ұрланған заттарын, соның ішінде теледидарды полиция қызметкерлері тәркіледі. 34 жастағы астаналық бұрын тонау жасағаны үшін істі болғандығы анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.