Елордалық полицейлер тонаумен айналысқан жұпты әшкереледі
Елордалық полицейлер тонаумен айналысқан жұпты әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның «102» арнасына елорданың екі тұрғыны жүгініп, Жеңіс даңғылындағы үйдің жанында оларды тонап кеткендігі туралы хабарлаған.
Арызданушылардың бірінің айтуынша, сағат 15:00 шамасында оған бір жігіт келіп, қоңырау шалып алу үшін ұялы телефонын сұраған. Samsung маркалы смартфонды қолына алып, ұзақ уақыт бермеген. Жәбірленушінің телефонын қайтарып беру туралы өтінішіне ол соққы беріп, қашып кеткен. Гаджеттің иесі қылмыскерді қуып жете алмаған. Осыдан кейін ол бірден полицияға жүгінген.
Осыған ұқсас схема бойынша екінші жәбірленушіге қатысты ұялы телефонды ашық ұрлау жасалған. Алайда бұл жолы тонаушы нәзік жанды болған.
Кейінірек Сарыарқа ауданының ПБ жедел уәкілдері анықтағандай, тонаушылар бір-бірімен таныс болған, қылмыс орнынан бірге қашып кеткен.
Оларды ұстап алу үшін іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар адамдар кезекші тәулікте анықталды. Олар 29 және 31 жастағы жас жұп болып шықты.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 191-бабына (Тонау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұсталғандар УҰИ-ға қамалды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Елорда аумағында бұрын жасалған басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеру жүріп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Егер сізге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалса, дереу полицияға немесе «102» мобильді қосымшасына хабарлаңыз.