Елордалық полицейлер жеңіл атлетикадан эстафета өткізді
Елордалық полицейлер жеңіл атлетикадан эстафета өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының, елордалық Полиция департаменті «Алматы» ауданының ПБ, сондай-ақ Қазақстан Республикасының белбеу күресі және басқа да ұлттық күрес түрлері қауымдастығының қолдауымен Балалар жылына орай жеңіл атлетикадан қайырымдылық эстафетасы өткізілді. Аталған іс-шара «Аспан» спорт кешенінде өтті. Оған спорттық дайындықтан өткен «SOS Астана балалар ауылы» елордалық мектеп-интернатының 8-10 сынып оқушылары қатысты.
Ашылу салтанатына ҚР ҚК Бас штабы академиясы факультетінің бастығы, белбеу күресі және басқа да ұлттық күрес түрлері қауымдастығының президенті Абай Тасболатов, әлем рекордсмені, қазақ балуандарының күш дәстүрлерін жалғастырушы Сергей Цырульников қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және спортпен белсенді айналысуға тарту. Жеңіл атлетика эстафетасының барлық қатысушылары жоғары шеберлік пен жеңіске деген ерік-жігерлерін көрсетті.
– Жоғары нәтиже көрсеткен үздік жас спортшылар кәсіби спортшылар болады деп үміттенеміз, – деп атап өтті «Алматы» аудандық ПБ бастығы Серік Әбутәліпов.
Спорттық іс-шара жанкүйерлер мен қатысушылардың қошеметімен аяқталды.
Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.