Елордалық полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің құрылғанына 25 жыл толуын атап өтті
Елордалық полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің құрылғанына 25 жыл толуын атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана департаментінде Ардагерлер кеңесі күніне арналған салтанатты шара өтті.
– Көп жылдар бойы сіздер Отан игілігі үшін еңбек еттіңіздер, қызметтік борыштарыңызды адал атқарып, қылмыспен күрестіңіздер, елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз еттіңіздер. Батылдық пен табандылық, намыс пен төзімділік, біліктілік пен кәсіби міндеттеріңізді адал атқару үлгілерімен, Сіздер бұрынғылардың озық дәстүрлерін сақтап қалдыңыздар, бөліністердің қазіргі және болашақ қызметкерлері үшін ел мен халыққа адал қызмет етудің үлгісіне айналдыңыздар, – деді Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Дәурен Қазбеков.
Астана қаласының ІІБ ардагерлерінің бірінші жалпы жиналысы 1998 жылы 27 шілдеде өтіп, онда 21 ардагер сайланған.
Ардагерлер кеңесі ардагерлердің әлеуметтік өмір сүру жағдайларын жақсартуға жәрдемдесуге, жеке құрамды Отанға деген адалдық, идеялық сенімділік, мемлекетке, қоғамға деген құрмет, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік рухында тәрбиелеуге, тәуелсіз Қазақстанның үздік дәстүрлерінде патриотизмге үйретуге басты назар аударады.
Қазіргі уақытта елордалық ПД ардагерлер ұйымында 2450 ардагер бар. Оның ішінде 2 адам тыл еңбеккерлері, Ауған соғысына қатысушылар – 23, жеңілдіктері бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген ардагерлер – 3, 1 топтағы мүгедектер саны – 14 адам, екінші топтағы мүгедектер саны – 8 адам. ҰОС қатысушыларының жесір қалған әйелдері саны – 6 адам.