Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық полицияда бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылды

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмысты қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңеске қала прокуроры Ерлан Өтегенов, елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен және елордалық Департаменттің басшылығы қатысты.

Елордалық Департаменттің бастығы Марат Төлебаев ҚР ІІМ кеңейтілген алқасында ішкі істер министрінің берген тапсырмалары мен негізгі талаптарын жеке құрамға жеткізді. Бірқатар басшылардың ағымдағы жылдың алты айы ішінде атқарылған жұмыс нәтижелері туралы баяндамалары тыңдалды, сондай-ақ жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар нақтыланып, құқық бұзушылықтың, оның ішінде кәмелетке толмағандар қылмыстылығының алдын алуға, ұрлыққа қарсы іс-қимыл жасауға, есірткі қылмыстарына қарсы күресуге, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және т.б. қатысты нақты міндеттер қойылды.

Өткен кезеңде елордада қауіпсіздіктің тиісті деңгейі қамтамасыз етілген. Алаяқтық 4,4%-ға, пәтер ұрлығы 9,3%-ға, автомашина салонынан ұрлық жасау 9,7%-ға, қалта ұрлығы 23,7%-ға, бұзақылық 36,4%-ға, сонымен қатар бір топ адамдармен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық 19,5%-ға төмендеген. Бұған қоса қылмыстардың жалпы өсімі 5,3%-ды құрады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар саны 2,6%-ға, тонау 4,9%-ға, сонымен қатар көшелерде, қоғамдық орындарда және масаң күйде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өскен.

Кеңес барысында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Есеп беру кезеңінде 393 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан 189,5 кг әртүрлі есірткі құралдары тәркіленді. Жылдың басынан төрт есірткі зертханасы анықталып, жұмысы тоқтатылды. Ұсталғандар үй жағдайында синтетикалық есірткіні дайындаумен айналысқан, кейін интернет арқылы жасырын тығып кету жолымен сатуды жүзеге асырған. 31,7 кг-нан астам синтетикалық есірткі және оларды дайындауға арналған 150 литр прекурсорлар тәркіленді. Жыл басынан бері 66 сайт бұғатталды. Арнайы операцияларды өткізу кезінде елорда аумағына есірткі құралдарын жеткізумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Ұйымдастырушы мен бес басты есірткі тасымалдаушы ұсталды. Арнайы операцияны өткізу нәтижесінде заңсыз айналымнан 37 кг-нан астам «гашиш» есірткі құралы тәркіленді.

Полиция қызметкерлері жалға берілетін пәтерлерді, қонақүйлер мен жатақханаларды, хостелдерді тексеріп, адамдардың тіркелу тәртібін сақтауын анықтады. Статистикаға сүйенетін болсақ, 40% қылмысты басқа қалалардан келген адамдар жасаған.

Бұған қоса, интернет-алаяқтықтың төмендегені байқалады. Ағымдағы жылдың алты айы ішінде елорда аумағында 1894 факті тіркелген, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11,7%-ға төмендеген. Жыл басынан бері 60 адам ұсталған және қылмыстық жауаптылыққа тартылған, оның ішінде 25 алаяқтың көп эпизодты істерге қатысы бар екені белгілі болды. Жүргізілген талдау ұсталған адамдардың орташа жасы 25-30 жасты құрайтынын көрсетті.

Мысалы, 25 жастағы ақтөбелік елорда аумағында 50 шақты интернет-алаяқтықты жасауға қатысы бар болып шықты. Ол «ОLХ» сайтына әр түрлі тауарларды сату туралы жалған хабарландырулар салған және виртуальды шотқа алдын ала төлем қабылдаған. Жалпы материалдық шығын 2 800 000 теңгені құраған.

Елордада пәтерлерді жалға береміз деп жалған қызмет көрсетулер үшін ақы алған 10 адам жауапқа тартылды. 10 күдіктінің елордада пәтерлерді жалға береміз деп жалған қызмет көрсетулері салдарынан 4 млн. теңгеден астам шығын келтірілген. 

Интернет-алаяқтықтың басым бөлігі – 50% онлайн сатып алумен және онлайн қызмет көрсетумен байланысты, ал 25% алаяқтық «банк қызметкерлерімен» байланысты, 10% күмәнді акцияларға немесе брокерлік әмияндарға ақша салумен, ұтыс тігумен байланысты. 

Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялаған 2022 жылда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін шешу өзекті болып табылады. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың алдын алу және анықтау мәселелеріне көп көңіл бөлуде.

Тағы бір басымдық – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі. Олардың дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыс орнатулары мен үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдаланулары түгел қамтамасыз етілген. Дағдарыс орталықтары әйелдер мен балаларға жан-жақты көмек көрсетеді.

Жол қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударылуда.

«Елордада жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Сонымен қатар 2022-2023 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігінің жаңа кешенді жоспары қабылданды. Жыл басынан бері жазатайым оқиғалардың саны 24,5%-ға, зардап шеккендер саны 29,3%-ға артқан. Қабылданған шаралар жолдардағы өлім-жітім көрсеткішін 41,7%-ға төмендетті», – деді Марат Төлебаев.

Елорда жолдарындағы өлім-жітім, жазатайым оқиғалар мен көлік кептелісін азайту мақсатында бірқатар нақты шаралар атқарылуда. Жол-көлік оқиғаларының себептерін және жол-көлік оқиғасы орын алған жерлерде қалыптасқан қозғалыс жағдайын зерделей отырып, 67 учаскеде бағдаршамдардың жұмыс режимдерін өзгерту бойынша шаралар қабылданды. 22 қиылыста «тыныштандыру» режимі енгізілді, яғни қызыл сигнал барлық бағыттар үшін бір уақытта алты секундқа дейін қосылады. Мәселен, осы режим енгізілгенге дейін Бөгенбай батыр – Жеңіс қиылысында 315 жол-көлік оқиғасы орын алып, 22 адам зардап шекті, режим енгізілгеннен кейін зардап шеккендермен ЖКО тіркелген жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері мемлекеттік жалған нөмірлерді пайдаланып, көлік жүргізу құқығынан айырылған көлік жүргізушілерін, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қарызы бар тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын жалғастыруда.

Сонымен қатар жиын барысында қоғамдық қауіпсіздік бөлігінде халыққа сапалы қызмет көрсете отырып, полицияның сервистік моделіне назар аударылды. Сервистік модельді дамытудың негізгі бағыттары қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қадамдық қолжетімділік, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану болып табылады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз етуге, азаматтарды тұрақты негізде қабылдау мен түрлі мәселелер бойынша консультациялар жүргізуге мүмкіндік берді. «Сарыарқа» ауданы бойынша полицияның сервистік моделінің пилоттық жобасын масштабтау жүргізілуде.

Бүгін елордада қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту үшін модульдік үлгідегі стационарлық бекеттер ашылды. Олар қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін адамдар көп жиналатын жерлерде орнатылған. Құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы елордалық полиция үшін бірінші кезекте тұр.

Тұрғындардың полициямен байланысы, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және қылмысты «ізін суытпай» ашу үшін «102» мобильдік қосымшасы бойынша азаматтардың полицияға хабарламаларын қабылдау үдерісі өз тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері омниканалды процесс бойынша 1947 өтініш қабылданды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге, полиция қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына ерекше назар аударылды. Елордалық полиция басшысы қорытынды жасай отырып, жетілдіруді талап ететін бағыттарды атап өтіп, алдағы кезеңге қызмет басшыларының алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру