Елордалық тұрғын әріптесінің алтын бұйымдарын қолды қылған
Елордалық тұрғын әріптесінің алтын бұйымдарын қолды қылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға елорда тұрғыны 800 мың теңгеден астам сомаға алтын бұйымдардың жоғалу фактісі бойынша арызбен жүгінді. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Сарыарқа ПБ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері зергерлік бұйымдарды ұрлауға қатысы бар деген күдікпен 45 жастағы әйелді анықтады.
Ұрлық жасалған күні жәбірленуші аспазшы болып жұмыс істейтін асханаға алтын бұйымдарын әкеліп, оларды танысына көрсеткені анықталды. Мұны жақын жерде тұрған әріптесі байқап қалады. Қолайлы сәтті пайдаланып, күдікті жәбірленушінің сөмкесінен алтын білезік, гауһар тастары бар екі алтын сақина және алтын алқаны білдіртпей ұрлап алған.
Ұрланған бұйымдарды әйел Қарағанды қаласындағы ломбардқа өткізген. Елордалық полицейлер алтын бұйымдарды тәркілеп, иесіне қайтарып берді.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, әйелдің елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.