Елордалық ұландар жоғалған қызды үйіне қайтарды
Нұр-Сұлтанда Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған қызды үйіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданында қызмет атқарып жүрген Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің әскери жасағына көмек сұрап бір азаматша жақындайды. Әйел өзінің 12 жасар қызын табуға көмек сұрайды.
Әскери жасақ бастығы қатардағы Айдос Шаштауов қатардағы Қуантқан Көпжан мен Жасур Арзыметовпен бірге тез арада патруль тобына жоғалған қыз туралы хабарлайды.
Әскери қызметшілер оқушының сипаттамасын жақын маңдағы жасақтарға береді.
Біраз уақыттан соң ұландар Ш.Құдайбердіұлы көшесінде жоғалған қыздың сипаттамасына ұқсас қызды байқайды. Оның сол екеніне көз жеткізіп, кәмелетке толмаған жасөспірімді үйіне апарып, анасына тапсырады.
Қызымен қауышқан азаматша жауынгерлерге қырағылықтары мен жедел көмектері үшін алғысын білдірді.