Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық ұландықтар көпірден секіргісі келген жігітті тоқтатты

Нұр-Сұлтанда ұландықтар көпірден секірмек болған жігітті құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 3 желтоқсан күні кешкі сағат 21.30 шамасында орын алды. Патрульдік-бекеттік қызмет атқару барысында Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өз еркімен өмірімен қоштасқысы келген жігіттің әрекетіне тосқауыл қойды. Ер жігіт Есіл өзеніндегі көпірден секіргісі келген.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару барысында әскери жасақ бастығы қатардағы Хәкімжан Сарбасов және патрульшілер Максим Рюмина және Роланд Арапиевпен бірге өзен бойын жағалап келе жатып, Сарыарқа көшесіндегі көпірден «Өмір сүргім келмейді, өлгім келеді» деген жігіттің дауысын естиді.

– Көпірден секіргісі келген жігітті көріп, біз дереу оған қарай асықтық. Ер азамат «Radisson» қонақ үйінің қасындағы көпірде тұрды. Осы уақытта ол қоршаудың арғы жағына өтіп үлгерді. Жас жігіт көпірден секіріп, суицид жасағысы келді, – дейді ұландық жауынгер Хәкімжан Сарбасов.

Әскери қызметшілер азаматпен сөйлесіп, оны бұл ойынан бас тартуға шақырды. Осы сәтте өтіп бара жатқан басқа да тұрғындар азаматтың оқыс қылық жасамауын өтінді. Кейін ұтымды сәтті пайдалана отырып, әскерилер мен азаматтар қыл үстінде тұрған жігітті көпірдің арғы жағынан алып шықты. Бұдан соң оны жұбатып, әскери жасақтар бойынша кезекшіге тапсырды.

2003 жылғы азамат әрі қарай мән-жайды анықтау үшін Сарыарқа ауданының полиция басқармасына жеткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру