Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ер адам көліктің аккумуляторын ұрлап кетті

Түркістан облысының полицейлері аккумулятор ұрлаған автоұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу, болдырмау мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қарқынды жұмыс атқаруда. Осындай кезекті жұмыс күнінде полицияның кәсіби шеберлігінің нәтижесінде аккумулятор ұрлаған ұры алысқа ұзамай ұсталды.
Нақтырақ айтсақ, Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, белгісіз адам күндізгі уақытта оның базар жанында тұрған “BMW” маркалы автокөлігінің аккумуляторын ұрлап кеткен. Аталған жайт АПБ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.

Ақпарат алысымен тәжірибелі полиция қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы автоұрыны ұстауға жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнына тез арада жетіп, қылмысты ашуға қажетті барлық шараларды іске асырды. Көрген-білген жандардан жауап алып, сол арадағы бейнебақылау камераларын тексерді. Алынған ақпарат көздері арқылы жедел уәкілдер күдіктінің ізіне түсіп, оны тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Кінәсін толық мойындады.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті күндізгі уақытта көліктің жанында ешкім жоқтығын пайдаланып, арам ойын іске асырған. Яғни көліктің терезесін сындырып, капотын ашып, аккумуляторын жымқырған. Осылайша автоұры ұрланған затты сатып үлгермей, полицейлердің қырағылығы арқасында ұсталды. Одан айғақты зат ретінде аккумулятор алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы “міндеттемеде”.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне көліктерін қараусыз қалдырмауды, есігін ашық немесе көлік кілтін қалдырып кетпеуді ескертеді. Автокөлік ішінде құжаттар мен бағалы заттарды тастап кетпеуге, сондай-ақ ақылы автотұраққа қоюға кеңес береді. Егер де Сіз, осындай жайттың құрбаны немесе куәгері болсаңыз “102” нөміріне полицияға дереу хабар беріңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру