Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өрттен балаларды құтқарған полиция қызметкері марапатталды

«Көзімді ашсам үйдің іші көк түтін, көк түтіннің ішінде дем алу қиындай түсті. Төрт балам ұйықтап жатыр еді. Жолдасым вахтамен жұмысқа кеткен болатын. Бар ойым балаларымды құтқару болды. Қолыма 5 айлық баламды алып, аласұрып далаға жүгірдім. Көмек сұрап айғайладым. Бір мезетте көрші үйде тұратын полицей жігіттің көлігінен түсіп маған қарай жүгіріп келе жатқанын байқадым. Кейін анықталғандай, ол менің көмекке шақырған даусымды естіп келе жатыр екен. Полиция қызметкері ең алдымен мені сабырға шақырып, мән-жайды түсінген соң, көк түтін жайлаған үйге кіріп кетіп, ұйықтап жатқан төрт баламды кезекпен алып шығып өз үйіне апарды.Соның арқасында балаларым аман қалды. Сол сәтті ойласам, әлі өз-өзіме келе алмаймын. Алғысымды қалай жеткізерімді білмей ауданның Полиция басқармасының бастығы Мадияр Қайсарұлы Менисовке телефон шалып осы полиция қызметкерінің жақсылығы туралы айтуды жөн көрдім. Осындай полиция қызметкерлерінің қатары көбейе берсін. Оның ержүректігінің, батылдығы мен кәсібилігінің арқасында аман қалдық. Отбасымның атынан Медет Асқаровқа мың алғыс білдіреміз», – дейді Жансая Седенова , Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінің тұрғыны сол күнгі оқиға туралы мәлімдеп.

Оқиға өткен жылы 6 желтоқсанда сағат 23.00 шамасында орын алған. Далада адам жүру мүмкін емес, бұрқасын боран болатын. Мән-жайларды анықтау барысында белгілі болғаны – боранды күні үйдегілер ұйқыға кеткенде пештің даладағы мұржасы құлап , түтін кері үйге кірген.
Сол жайтты көріп, тәуекелге бел буған полицей көк түтінге оранған пәтерден төрт баланы алып шыққан. Осындай ержүректігінің арқасында ол балалардың өмірін сақтап қалды. Құтқарылған балаларды жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады.
Полиция старшинасы Медет Ақылбекұлы Асқаров 2007 жылдан бастап Бұқар жырау ауданының Полиция басқармасының тылмен қамтамасыз ету тобында қызмет атқарып келеді. Мінезі жағынан байсалды, ұстамды, көпшіл, жеке тәртіпті берік сақтайды. Келіншегі Айгүл екеуі үш бала
тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

«Үйде кішкентай балалар барын білген кезде, бар ойым соларды аман алып шығу болды. Қолымнан келгенін жасап, ең бастысы анасын сабырға шақырдым. Мен бұл әрекетімді ерлік деп санамаймын. Өзімнің қызметтік міндетім деп ұғамын. Менің орнымда кім де болса осылай жасар еді. Бастысы– балалар аман-есен.Ол-ең бастысы», – дейді Медет Ақылбекұлы Асқаров.

Балаларын құтқарған полицей туралы Ж.Седенова басқарма бастығына хабарласып айтпағанда, ешкім білмей де қалушы еді. Осы хабарламадан кейін Қазақстан Республикасының ІІМ Қарағанды облысының Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Е.Файзулиннің бұйрығымен тапқырлығының, батыл іс-қимылының арқасында төрт баланы құтқарып,қызметтік борышын адал орындағаны үшін Бұқар жырау ауданының ПБ тылмен қамтамасыз ету тобының полицейі, полиция старшинасы Медет Акылбекұлы Асқаров Ішкі істер министрлігінің символы бар бағалы қол сағатпен марапатталды.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру