Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ер есімі – ел есінде

Қостанай облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың есімі Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысының әкімдігінде жастардың «Алтын кітабы» премиясының лауреаттарын марапаттады. Дарханның есімі кітапқа «Жас батырлар» номинациясында  енгізілді. Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова марапатты қаза тапқан полицейдің ата-анасына табыстады.

Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабы» 15 жылдан бері жарық көріп келеді. Кітапқа облысты республикалық және халықаралық деңгейде даңққа бөлеген жастардың есімдері енгізіледі. Биыл «Жас батырлар» номинациясында комиссия мүшелері бірауыздан Базарбаев Дархан Серікұлының кандидатурасын қолдады.

Марапаттаудан кейін батырдың ата-анасы Қостанай облысының Полиция департаментіне  барды. Құрметті қонақтарды Департамент бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев қарсы алды.

– Дархан әрқашан ерліктің символы болады. Оның есімі Қазақстан полициясының тарихына мәңгі жазылды. Біз оның отбасына әрдайым жан – жақты қолдау көрсететін боламыз, олар ведомствоның қамқорлығында, – деп атап өтті А.Ынтықбаев.

Өз кезегінде Дарханның әкесі Серік Базарбаев ұлына деген ықылас пен құрмет үшін барлық полицейлерге алғысын білдірді.

– Дархан Базарбаевтың есімін әрбір қостанайлық азамат біледі. Ол тек облыстың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Ол батырлық пен жанқиярлықтың үлгісіне айналды. Біз Дарханмен мақтанамыз және ол осы кітапта болуға лайықты, – дейді «Алтын кітап» жобасының үйлестірушісі Болат Қалиев.

Естеріңізге сала кетейік, полиция қызметкері Дархан Базарбаев 2020 жылдың 19 қаңтарында «бүкіл отбасын өлтіремін» деп қорқытқан бұзақыны ұстау барысында қаза тапты. Президент Жарлығымен қайтыс болған полицей  ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру