Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ер есімі — ел жадында

Ақтөбе облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің есімдерін ұлықтау жұмыстары жалғасуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы полиция департаменті қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында жанын қиған ерлердің ерлігі мен өнегелі жолын ұлықтау – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды бөлігі.

Бұл бағыттағы жұмыстар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері – Қобда ауданында ерекше назарға алынған. Ауданда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан үш полиция қызметкерінің есімі елді мекен көшелеріне берілген.

Атап айтқанда, Ақырап ауылындағы мектепте қарулы қылмыскерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Айса Картовтың атына арнайы сынып ашылған. Сонымен қатар ауылдағы көшелердің бірі оның есімімен аталады.

Полиция қызметкері Амангелді Құсжановтың есімі туған ауылы Бегалыдағы көшеге берілген. Биылғы жылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында оның атымен кадет сыныбы ашылды. Мұнда оқушылар құқықтық мәдениет негіздерін меңгеріп, тәртіп пен елге қызмет ету құндылықтарын бойына сіңіруде.

Ал аудан орталығы Қобда ауылында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Абат Нұрымжановтың есімі көшелердің біріне берілген.

Полиция департаментінің бұл бағыттағы жұмысы тек көше атауларын беру және арнайы сыныптар ашумен шектелмейді. Тұрақты түрде еске алу шаралары, ерлік сабақтары, жастармен кездесулер, сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлердің туыстарымен тағылымдық кездесулер ұйымдастырылып келеді.

Антқа адал болып, қызметтік борышын орындау жолында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің жарқын бейнесін ұлықтау – қоғамда полиция мамандығына деген құрметті арттырып, “Заң мен тәртіп” қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру