Ерлер түрмесінде 45 жыл жұмыс істеген зейнеткерге Министрдің бұйрығымен «Еңбек ардагер» медалі табысталды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің УГ-1579 мекемесінде 45 жылдан астам жұмыс істеген Алтынай Суюнгариева «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі органдарында 1975 жылдың қыркүйегінен бері қызмет атқарып келе жатқан Алтынай Суюнгариева – өз ісіне жауапты маман. Ол 17 жасында түзеу мекемесіне хаттарды жеткізу және тексеру инспекторы лауазымына қызметке орналасып, қазіргі таңда мекеменің кадр бөлімінің қызметкері ретінде зейнеткерлікке шығып отыр.
«Алтынай Касанқызы өскелең ұрпаққа үлгі болатын қызметкеріміз. Өйткені бір мекемеге 17 жасында жұмысқа кіріп, арада 45 жыл өткеннен кейін еңбегі сіңген ардагер ретінде зейнеткерлікке шығу – ерлік деп ойлаймын. Алтынай Касанқызының еңбек жолы жас қызметкерлерімізге үлгі болып, олар да қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына бар күштерін салатынына сенімдімін»,-деді Атырау облысы бойынша ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин.
Департамент бастығы Алтынай Суюнгариеваға гүл шоқтарын табыстап, игі тілектерін арнады.