Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Хромтау ауданында сотталған азамат қоғамдық жұмыстарды толық орындап шықты

Екінші рет мүмкіндік берілген сотталған, өзі бас тартып келген қоғамдық жұмыстарды толық орындап шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткіні заңсыз сақтағаны үшін жазаға тартылған Н. есімді Хромтау ауданының тұрғыны Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметіне есепке алынып, сот үкімімен оған 80 сағаттық қоғамдық жұмыстарды орындау міндеттеледі.

Пробация қызметкерлері есепке алынған күннен бастап сотталған Н.-ға қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу шарттарын түсіндіріп, ешқандай себепсіз қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарған жағдайда, бұл жаза түрі қамаққа алумен ауыстырылатынын түсіндіреді.

Алайда, пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған сотталған азамат еш себепсіз қоғамдық жұмыстарды орындауға шықпайды, пробация қызметіне тіркелуге келмейді. Сонымен қатар, пробация қызметінің профилактикалық әнгімелесулерге қатысты бірнеше мәрте шақыртуына қатыспайды.

– Есепте тұрған сотталған азамат қоғамдық жұмыстан жалтарған жағдайда, қоғамдық жұмыстардың орындалмаған төрт сағаты қамаққа алудың бір тәуілгі есебімен қамаққа алумен ауыстырылады. Осыған сәйкес, есепте тұрған Н.-ның қоғамдық жаза түріндегі жазасын қамаққа алу жазасымен ауыстыру туралы ұсыныс Хромтау аудандық сотына жолданды, – дейді Хромтау аудандық Пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Айнұр Болатпаева.


Алайда, Хромтау аудандық соты сотталғанға рақымшылық танытып, сотталған азаматтың атқарылмаған қоғамдық жұмысының 48 сағатын атқарып шығуына уақыт береді.

Осылайша екінші рет мүмкіндік арқалаған сотталған азамат, Пробация қызметкерлерінің бақылауымен, “есірткіні заңсыз сақтағаны үшін” өзіне сот үкімімен міндеттелген қоғамдық жұмыстарды орындау бойынша айыбын, яғни 80 сағаттық қоғамдық жұмыстарды атқару бойынша жазасын толық өтеп шықты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру