Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ азаматтарды онлайн қабылдауды ұйымдастырды

Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың басшылығымен ZOOM интернет алаңында онлайн режимде ішкі істер органдарының барлық өңірлік бөліністерінде азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды, – деп хабарлайды  Polisia.kz.

Аталған іс-шара ел тұрғындарының проблемалық мәселелерін шешуге және ішкі істер органдарының өкілеттілігі шегінде тұрғындарға түрлі кеңестер беруге бағытталған.

– Азаматтардың қауіпсіздігіне, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты проблемалық мәселелер барлық деңгейлерде шұғыл шешуді талап етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біз заманауи технологияларды пайдалану арқылы ведомствоның барлық басшылығы және оның аумақтық бөлімшелерінің, оның ішінде аудандық полиция бөлімдері мен ҚАЖ мекемелері басшыларының қатысуымен онлайн режимде азаматтарды қабылдауды жүргізуді бастадық”, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Тіркелушілердің бәрін қабылдап үлгеру үшін Министрмен бірге оның орынбасарлары және ІІМ-нің өңірлік құрылымдардың басшылары да қабылдау жүргізді.

Министрлік басшылығы бірнеше сағат ішінде 70-ке жуық адамды қабылдады. Келіп түскен барлық өтініштерге байланысты Ерлан Тұрғымбаев тиісті қызметтердің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Қосымша зерттеуді қажет ететін материалдарды Министр жеке бақылауына алды. Бұл материалдар бойынша тиісті ден қою шаралары қабылданып, тексерулер жүргізілетін болады.

– Министрлік халықпен кері байланыс орнату бойынша барлық шараларды қабылдауда. Сонымен қатар қабылдауға жазылғандардың саны жергілікті жерлерде халықтың проблемаларының құқықтық шешімін таппай отырғанын көрсетеді. Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмасын орындау аясында және “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру барысында бірде-бір өтініш пен арыз назардан тыс қалмауы және оған тиісінше ден қойылуы тиіс. Бүгін біз тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен арыздарды қарау бойынша жұмысты саралаймыз, біздің бөлімшелердің басшыларының бұл бағыттағы жұмыстарына тиісті баға берілетін болады, – деп нақтылады ІІМ басшысы.

Азаматтарды қабылдау өңірлерде де өтуде. Облыстық, қалалық және аудандық аумақтық полиция органдары мен қылмыстық-атқару жүйесі бөліністерінің басшылары мен олардың орынбасарларына қабылдауға 500-ден астам адам жазылды.

Азаматтарды осындай форматта қабылдау тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру