Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы азаматтарды онлайн режимде қабылдады

7 шілде күні «Nur Otan» партиясының алаңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кезекті рет онлайн режимде азаматтарды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде ІІМ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың полиция алдына қойған міндеттерін мүлтіксіз орындауда. ІІМ жүйесінде 2021 жыл құқық бұзушылықтардың алдын алу және «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын орындау жылы болып жарияланды. Ал аталмыш қабылдаулар полицияға халыққа жақын болуға, азаматтарды тыңдауға, ең бастысы – олардың мəселелерін естуге және дереу шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы полиция қадамдық қолжетімділікте болуы тиіс екенін айтты. Қазіргі уақытта біз осы қағида бойынша жұмыс істейміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ІІМ азаматтарды тұрақты түрде қабылдайды. Мұндай іс – шаралар министрлік деңгейінде де, өңірлік полиция департаменттерінде де өткізіледі, – деп министр қабылдауды бастады.

Азаматтарды қабылдауға өңірлік полиция департаменттерінің басшылары, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының өкілі қатысты.

Өтініштер өңір тұрғындарынан тікелей эфирде бейнебайланыс арқылы келіп түсті. Олар негізінен қылмыстық істерді тергеудің сапасы мен мерзімдерін сақтауға, алаяқтықты ашуға көмектесуге, көші-қон заңнамасы мәселелеріне қатысты болды.

Ерлан Тұрғымбаевтың қабылдауына жүгінгендердің арасында жалғызбасты ана Гүлдана Қ. да болды. Əйелдің айтуынша, жарты жылдан астам уақыт бұрын ол қызына ұялы телефон сатып алуға шешім қабылдап, әлеуметтік желілердегі хабарламаға сеніп, алаяқтарға 400 мыңнан астам теңге аударған. Бірақ елорда тұрғыны не телефонды, не ақшасын қайтара алмаған.

– Жүргізілген тергеу барысында интернет-дүкен мен абоненттік нөмір Ресей Федерациясының аумағында, Орынбор қаласында тіркелгені анықталды. Елордалық полиция басшысына ресейлік әріптестерімен бірге жергілікті жерде тергеуді жалғастыру үшін қызметкерлерді көрші елге іссапарға жіберуді тапсырамын. Интернет-алаяқтардың тұзағына түскендер одан да көп болуы мүмкін. Мен бұл істі толығымен өз бақылауыма аламын, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Ведомство басшысы соңғы жылы интернет-алаяқтықтың саны 2,5 есеге артқанын атап өтіп, азаматтарды бейтаныс адамдарға сенбеуге, алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге шақырды.

Министрдің атына келесі өтініш Орал қаласының тұрғыны Олеся Г. – дан келіп түсті. Əйелдің айтуынша, ақпан айының соңында оның әкесі жол-көлік оқиғасына түскен. Алайда белгісіз себептермен апат видеосы бейнежазғыштардан жойылған. Ол ІІМ басшысынан іске қатысты комиссиялық сараптама тағайындауды сұрады. Өтініш беруші олардың отбасы үшін ішкі істер министрінің істі жеке бақылауына алуы маңызды екенін атап өтті.

Онлайн-кездесу барысында министр өтініш білдірушілердің әрбір айтылған мəселесі мұқият зерделенетініне және азаматтардың проблемаларын өз бақылауына алатынын жеткізді.

Азаматтардың арасында полицияға алғыс білдіргендер де болды. Атырау облысының тұрғыны Райхан А. полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, министрге алғысын білдірді.

Азаматтардың барлық өтініштері бойынша Ерлан Тұрғымбаев тиісті департаменттерге тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру