Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы бокстан және джиу-джитсудан өткен әлем чемпионаттарының жеңімпаздарымен кездесті

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бокстан және джиу-джитсудан өткен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары және қатысушыларымен кездесті. Шараға Қазақстанның семсерлесу командасының мүшелері де қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Полиция ведомствосының басшысы “Динамо” спортшыларын өткен әлем біріншіліктеріндегі жарқын жеңістерімен құттықтады.

– Біздің жігіттер ел намысын қорғап, болашақ ұрпаққа үлгі болып, маңдай терлерімен, адал еңбектерімен нәтижеге қол жеткізіп жатса, біз қуанамыз. Сіздерден үлкен додаларда үміт күтеміз. Ертеңгі Париждегі Олимпиада ойындарында туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалсын! – деді министр.

“Динамо” дене шынықтыру – спорт қоғамының мүшелері – Ұлттық ұлан мен полиция қатарында қызмет ететін спортшыларға арнайы медальдар, грамоталар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, Қазақстан Халықаралық бокс қауымдастығының рейтингінде 81 000 ұпаймен көш бастады. IBA рейтингінде ерлер мен әйелдер құрамалары жинаған ұпайлар жинақталған.

– Қазірше демалып, дұрыстап тынығып, ағайымызбен ақылдасып, 51 келіге салмақ ауыстыратын ой бар. Алда қыркүйек айында Қытайда Азия ойындары өтеді. Соған дайындаламыз, – деді Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Санжар Тәшкенбай.

– Марат Мұратұлына бізді сыйлап, құрметтеп жатқанына үлкен рақмет айтамыз. Біз де “Динамо” түлегіміз. Жұмыс істеп, халыққа қызмет ететін боламыз. Біздің енді міндетіміз – көк туды көкке көтеру, әнұранымызды шырқату, – деді бокстан әлем чемпионы Нұрбек Оралбай.

Бүгінгі таңда Ұлттық құрама спортшыларының жартысынан көбі “Динамо” қоғамының өкілдері болып табылады. Спорт ұйымы 1925 жылы құрылды, оның қатарында қазіргі уақытта 90 мыңнан астам адам бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру