ІІМ басшысы БҚО тұрғындарымен кездесті
Батыс Қазақстан облысы – тарихы тереңге жайылған, Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетін маңызды аймақтардың бірі. Ішкі істер министрінің кезекті сапары да осы киелі Жайық өңірінде болды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Марат Ахметжанов алдымен Орал қаласы Полиция басқармасы Абай полиция бөліміне барды. Қызметкерлермен сөйлесіп, олардың жұмыс барысымен танысты. Ғимараттың материалдық-техникалық жабдықталуы мен жарақтандырылуын тексерді.
Одан кейін ведомство басшысы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығына ат басын бұрды. Мұнда ол қаладағы жоғары оқу орындарының бірінің заң факультетінің студенттерімен кездесті. Экскурсияға қатысып, жастармен пікір алмасты.
Министрдің жұмыс сапарының негізгі мақсаты аймақ тұрғындарымен кездесу болды. «Атамекен» өнер ордасына жиналған қауымға криминогендік жағдай туралы ақпарат беріліп, олардың сауалдары тыңдалды.
Елде тіркелген барлық қылмыстардың 4%-ы осы аймаққа тиесілі. Жыл басынан бері олардың саны 2%-ға төмендеді, соның ішінде зорлау, алаяқтық, қарақшылық шабуылдар және бопсалау фактілері бар. Алайда мал ұрлығы бойынша БҚО көш бастап тұрған өңірлер үштігіне кіреді.
ІІМ басшысы ішкі істер органдарының атқарып жатқан жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік жүз пайызға қамтамасыз етілген елді мекендерді атап өтіп, оң мысалдар келтірді. Мысалы, Ақжайық ауданының Сарытоғай округінде соңғы екі жылда полиция мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылы арқасында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Кездесу барысында Марат Ахметжанов есірткі бизнесі және жол қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселелерге де тоқталды.
Министр халықпен кездесулер қоғамды толғандыратын мәселелерді білуге, жұртшылықтың ұсыныстарын ескеруге, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тың жоспарлармен бөлісуге мүмкіндік беретініне назар аударды.
Жалпы бұл күні жиналғандардың қатарынан проблемалық мәселелерді айтуға ғана емес, полицияға алғысын білдіруге келгендер де табылды. Сұрағымен жүгіндердің қарасы қалың болды. Сондықтан сауалын қойып үлгермегендерді Марат Ахметжанов Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызмет басшыларымен бірге жеке қабылдады. Әрбірінің өтінішін тыңдап, кейбір мәселелерді тез арада шешіп, ал кейбірінің орындалуын жеке бақылауға алды.
Жеке қабылдауға 70-тен астам азамат кірді. Тұрғындарды негізінен жол апаты, қылмыстық істердің тергелуі, полицейлер тарапынан жасалған заңсыздық бойынша мәселелер алаңдатты. Олардың пікірлері ескеріліп, алдағы уақытта шешімін табатын болады.
Министрдің жұмыс сапары Полиция департаментінде жеке құраммен кездесумен жалғасты. Онда жұмыста кеткен кемшіліктер сараланып, қызмет бойынша түрлі маңызды мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар еліміздің бас полицейі ауыл мен аудандарда қызметін адал атқарып, жергілікті билікпен, халықпен қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя білген әріптестерін марапаттады. Алғысқа ие болғандардың қатарында ауыл әкімдері де болды.
Тәртіп сақшысының білікті әрі жауапты болуы керектігін еске салған ведомство басшысы олқылықтардың орнын толтыру үшін батыс аймақтың полицейлеріне нақты тапсырмалар берді.
Ішкі істер министрінің Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары Ұлттық ұланның Оралдағы әскери бөлімінде аяқталды.