Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы Қарағанды академиясының курсанттарымен және оқытушыларымен кездесті

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында болып, “Әйел-тергеуші: тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық бойынша қылмыстық істерді тиімді тергеу факторлары” атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Сондай-ақ, ведомстволық оқу орнының курсанттарымен және оқытушыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында әйелдер мен балаларға қарсы жасалған қылмыстарды тергеу бойынша әйел тергеушілердің жұмысын енгізуді тапсырған болатын.

Президенттің тапсырмасын орындау үшін бүгінде полиция бөлімшелерінде әйелдер жыныстық қылмыстарды тергеумен айналысуда. Бұл Қарағанды академиясының білім беру процесіне де өзгерістер әкелді, дәлірек айтқанда, біліктілікті арттырудың арнайы оқу курсы әзірленді. Сондай-ақ, оқу бағдарламасына курсант қыздарға арналған семинар-тренингтер енгізілді.

Конференция аралас форматта өтті. Оған Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробарт, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Сәуле Айтпаева, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, РФ Тергеу комитеті Мәскеу академиясының ректоры Алексей Бессонов, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары, ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың, мамандандырылған жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Қатысушылар тергеуші–әйел қызметінің әдістерін жетілдіру, тергеу іс-әрекеттерін жүргізу кезінде қолданылатын инновациялық технологиялар мен сотқа дейінгі өндірісті цифрландыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар ІІМ басшысы ішкі істер органдарының қызметіне, құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға, қылмыстық процестің үш буынды моделіне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Іс-шара ІІМ Тергеу департаментімен өткізілген “Кінәсіздік презумпциясы. Кеше, бүгін, ертең” тақырыбындағы пікірсайыс турнирінің жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне ұласты. Турнир республикалық жоғары оқу орындарының студенттері арасында тергеу күніне орай ұйымдастырылған болатын.

Онымен қоса, министр кәсіби жетістіктерімен көзге түскен Қарағанды академиясының үздік қызметкерлері мен курсанттарын марапаттады.

Іс-шаралардан кейін ведомство басшысы дәріс залдарын аралап, Академияның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Соңында тергеу бөлімшелерінің басшыларымен бірге ағаш отырғызуға қатысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру