Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы ҚХР-дың Қазақстандағы елшісімен кездесті

ІІМ басшысы ҚХР-дың Қазақстандағы елшісімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті.

Екі мемлекеттің өкілдері қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады.

Қазақстанның ІІМ мен ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өзара іс-қимылы кең шарттық құқықтық базаға негізделген.

Шекара маңы ынтымақтастығын кеңейту бойынша өзара сапарлар мен жұмыс кездесулері тұрақты түрде өткізіледі, кадрларды даярлау және қайта даярлау, жұмыс тәжірибесімен алмасу жөніндегі оқу курстары ұйымдастырылады.

– Қазақстан мен Қытайдың құқықтық тәртіп органдарының ынтымақтастығы жоғары деңгейде. Соңғы бес жыл ішінде екі министрлік делегаттарының бірқатар өзара сапарлары ұйымдастырылып, қызмет өкілдері арасында ондаған кездесулер өтті, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, ІІМ басшысы 108 қазақстандық полицейдің өткен оқу курстарын ұйымдастыруға көмектескені үшін қытайлық қонаққа алғысын білдірді.

Министрдің пікірінше, басым міндеттердің қатарына экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жатады. Алаяқтарды жауапкершілікке тарту үшін халықаралық ақпарат алмасуды күшейту қажет, өйткені бұл әрекеттер көп жағдайда трансұлттық сипатқа ие.

Өз кезегінде Чжан Сяо Қытай тарапы азаматтардың қауіпсіздігі үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу соңында Марат Ахметжанов құқық қорғау саласындағы Қазақстан-Қытай әріптестігін кеңейтуге елеулі үлес қосқаны үшін Чжан Сяоға ризашылығын білдірді. Тараптар жемісті және серпінді ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Кездесу дәстүрлі өзара түсіністік пен сындарлы диалог атмосферасында өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру